Түркістан облысында әкімдік жалған құжат жасап, халықтың жерін тартып алмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында әкімдік жалған құжат жасап, халықтың жерін тартып алмақ

21.08.2024

Түркістан облысы Төле би ауданының халқы жергілікті билік 40 гектар жерімізді зорлықпен тартып алмақшы деп шырылдап жүр. Айтуларынша, әкімдік ешқандай келісімсіз Момынай ауылындағы 50-ге тарта шаруаның суармалы егістігінің санатын үй іргелік телімге өзгертіп жіберген.

Ауыл тұрғыны Алдияр Тасболатов та қарамағындағы жерден бас тарту туралы тізімге өзінің қалай еніп кеткенін білмей дал. Ешқандай келісім жоқ, ешбір қағазға қол қоймаған. Бірақ билік бетбақтыратын емес. Отбасының табысы саналатын 3,5 гектар егістікте қазір құрылыс жүріп жатыр.

Алдияр Тасболатов, ауыл тұрғыны:

Жемқорлық қой. Мынау менің қолым емес дедім, көрсетші, телефонға түсіріп алайын десем көрсетпейді, жолатқан да жоқ. Өздері қол қойып, өздері істеп жатыр.

Таласқа түскен аумақ – 9 азаматтың меншігі. Барлығы да құжатын рәсімдеп, мемлекеттен 49 жылға жалға алған. Ал жерді мемлекет меншігіне беру туралы көпке беймәлім хаттама осыдан екі жыл бұрын түзіліпті. Оның ішінде әлдеқашан о дүниелік болып кеткен азаматтардың аты-жөні де жүр дейді ауылдастары.

Қалижан Қуанышев, ауыл тұрғыны:

Сол 90 гектар жер дәл Жаманжар су каналына келетін арықтың астындағы жерлер. Неге соны алады? Сол арықтың үсті жұмыс істейтін, бай-бақуатты адамдардың жерлері. Неге соны алмайды?

Елдің ашу-ызасын тудырған жәйт, биліктің өзімбілермен әрекеті. Әкімдік жердің меншік иесі анықталмай жатып, құрылыс жұмыстарын бастап жіберген. Қазынадан 800 миллион теңге қаржы бөлініп, аумаққа су және электр желілері тартылуда.

Дәулет Исабекұлы, Төле би ауданы әкімдігі Жер қатынастары бөлімінің басшысы:

Қазіргі таңда жер қатынастары бөлімі тарапынан тиісті хабарлама берілген болатын. Үш айдың ішінде жаңағы үш жер пайдаланушы хатқа хабар бермеген соң сотқа талап арыз дайындап жатырмыз.

Ауыл халқы енді құзырлы органдарға шағымданбақ. Олар өздерінің сыртынан жалған құжат әзірлеп, өтірік қол қойғандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды және 40 гектар жерді елдімекен шекарасына қосу туралы аудан әкімінің қаулысын бұзуды талап етпек.


Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу