Паралимпиаданың басталуына бір апта қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Паралимпиаданың басталуына бір апта қалды

21.08.2024

Тура 1 аптадан кейін Франция астанасы Парижде он жетінші жазғы Паралимпиада ойындарының алауы тұтанады. Бүгін Премьер-Министр Олжас Бектенов дүбірлі додада ел намысын қорғайтын спортшылармен кездесіп, Мемлекеттік туды табыстады. 

Асылбек Данияр, тілші:
Париж Паралимпиадасынан Қазақстан атынан спорттың 9 түрінен 44 пара спортшы сынға түседі. Қоржында 33 лицензия бар. 

Биыл Қазақстан алғаш рет пара үстел теннисінен Паралимпиада ойындарының жолдамасын алды. Ел намысын Әли Махұлбеков қорғайды.

Ұлттық құраманың әрбір пара спортшысы жүлдеге үмітті. Фавориттер қатарында: пара жүзуден Рио Паралимпиадасының чемпионы Зульфия Ғабидуллина мен Токио Паралимпиадасының қола жүлдегері Нұрдаулет Жұмағали бар. Ал пара пауэрлифтингтен Токио Паралимпиадасының чемпионы, өз салмағында әлемдік рейтингте көш бастап тұрған Давид Дегтярев пен Рио Паралимпиадасының күміс жүлдегері Раушан Койшыбаева жарыс алаңына шығады. Бұдан бөлек пара дзюдодан 48 келінің J2 санатында Әлем чемпионы Ақмарал Науатбек пен ерлерден 73 келінің J1 санатындағы Ерғали Шамей бар. Сондай-ақ волейболды отырып ойнаудан ұлттық құрама командасы әлемдік рейтинг бойынша 75 команданың арасында үздік алтылыққа кіреді.

Айта кетейік, пара спортшылардың 60 пайыздан астамы Паралимпиадаға бірінші рет қатысқалы тұр. Ал байрақты бәсекеде ең көп бой көрсеткен Зульфия Ғабидуллина. Пара жүзуші бұған дейін төрт Паралимпиадада бақ сынаған. Ал пара пауэрлифтингші Раушан Қойшыбаеваның үшінші рет қатысуы.

Паралимпиада ойындарына қатысатын ең жас спортшы – 18-дегі Альфия Тілекқабыл , ең жасы үлкені – биыл 59 жасқа толған Зульфия Ғабидуллина.
Байрақты бәсекеде Қазақстанның Мемлекеттік туын пара оқ атушы Севда Алиева мен волейболды отырып ойнаудан команда ойыншысы Берік Ізмағанбетов ұстап шығады.

Сондай-ақ Паралимпиада ойындарында жоғары нәтиже көрсеткен спортшыларға мемлекет тарапынан сыйақы беріледі. Алтын жүлде алған спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына 250 000 доллар, күміс жүлде үшін 150 000 доллар, қола үшін 75 000 доллардан беріледі.

Бұдан бөлек жергілікті әкімдік 1-орынға 3 бөлмелі, 2-орынға 2 бөлмелі, 3-орынға 1 бөлмелі пәтер береді. Айта кетейік Ұлттық құрама бұған дейін қатысқан Паралимпиада ойындарында 2 алтын, 4 күміс және 1 қола медаль жеңіп алған. Франциядағы додаға әлемнің 182 елінен 4400 пара спортшы қатысады. Спорттың 22 түрінен 549 медаль сарапқа салынады. Жарыс 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында өтеді.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу