Алматыға жыл басынан бері 480 мың саяхаттаушы келген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыға жыл басынан бері 480 мың саяхаттаушы келген

23.08.2024

Алматыға биылғы жылдың алғашқы үш айда 480 мыңға жуық турист келген. Шаһар тамылжыған табиғатымен тауға жақын орналасуымен ерекше. Алатау баурайына саяхаттаушылар алдымен Шымбұлаққа аялдайды. Қысы-жазы қызмет көрсететін демалыс орны жыл басынан бері 690 мың адамды қабылдаған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 29 пайызға артты, - дейді сала мамандары. Қаладағы туристік аймақтарда келушілерге қандай жағдай жасалған? Әріптесім Айдана Қуантхан біліп қайтты.

Айдана Қуантхан, тілші:

Алматыға келушілер тауда демалғанды жөн көреді. Біз қазір аспалы жолмен Шымбұлаққа көтерілеміз. Таудың ең биік нүктесіне бару үшін 25 минут уақыт кетеді.

Дуо Чау И, ҚХР азаматы:

Ұнады. Алматы өте әдемі, ыңғайлы қала екен. Ал біз тұрған жердің табиғаты керемет. Мына көрініске көз тоймайды. Көңілімізден шықты.

 Зау Чау И, ҚХР азаматы:

Қойдың етінің дәмін таттым. Бұрын-соңды мұндай дәмді етті жеп көрмеппін. Жылқыға мініп көрдім. Қымыз іштім.

Мұратбай ақсақалдың жасы -81 де. Қытайдан ата жұртқа алғаш рет келіп тұр.

Мұратбай Аусынақын, ҚХР тұрғыны:

Қазақстанға келіп, қазақ халқын көріп, айналып қайттым. Барлығы көңілдегідей жақсы, таза. Теңіз деңгейінен 3100 метр биіктікте орналасқан мейрамхананың іші қазақтың қолөнер бұйымдарымен безендірілген. Мұнда келушілерге осындай ұлттық оюмен көмкерілген кесемен сусын ұсынады.

Монака, АҚШ азаматы:

Қазақтанға келгенім кеше ғана. Десе де ұлттық тағамдардан бауырсақ пен еттің дәмін татып көрдім.

Ал жыл басынан бері қалаға алыс-жақын елдерден келушілер саны артыпты. Мәселен биыл 123 мыңға жуық шетелдік саяхаттап келіпті. Оның ішінде, Ресей, Үндістан, Қытай, Түркия мен АҚШ елдері көш бастап тұр.

Мақпал Әбдіқадыр, Қалалық туризм басқармасы талдау және стратегиялық жоспарлау бөлімінің басшысы:

Туристердің артуының арқасында ағымдағы жылдың жеті айы бойынша туризм саласында инвестиция көлемі екі есе өсті.  54,6 млрд теңгені құрады. Сондай-ақ салықтық түсімдер былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32 пайызға артып, 40,6 млрд теңгені құрады.

Айдана Қуантхан, тілші:

Қала қонақтарын тұмса табиғатымен баурап алатын, Алматыдағы танымал бағыт – Шымбұлақтың тыныс-тіршілігімен таныстық. Демалыс орнына тәулігіне 7 мыңға жуық турист келеді. Ал қала туризм басқармасы биыл тау баурайына 3 кэмпинг орнатып, 100 шақырымды шағын шатқалдарды абаттандырыпты.

Айдана Қуантхан


Хабарламаларға жазылу