«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде жабайы жануарлар саны едәуір өскен. Бұландар соңғы 5 жылда екі есе көбейіп, 122-ге жеткен. Сілеусін популяциясы 4 есе өсіп, 48 болды. Бұғылар 108-ге, елік 25-ке, түлкі 14-ке көбейді. Бұл - Ұлттық парктің ғылыми мамандары жабайы аңдарға жүргізген санақ нәтижесі.
Мамандардың айтуынша жануарлардың көбейюіне оларды қорғау және азықтандыруды тиімді ұйымдастыру қолайлы жағдай туғызып отыр. Ұлттық парк инспекторлары, жануарлар әлемін қорғау және өсімін молайту бөлімінің мамандарымен бірлесіп, аң-құстардың ізін мұқият зерттей отырып, жиналған деректерге тұрақты мониторинг, санақ және талдау жүргізеді. Сондай-ақ фототұтқыштар арқылы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда визуал қадағалайды. Бұл оларға аң-құстар популяциясын бақылап, биотехникалық жұмыстарды жоспарлау үшін қажет.