Қызылорда облысындағы ауылдарға табиғи газ берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысындағы ауылдарға табиғи газ берілді

24.08.2024

Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының Төретам және Ахай ауылдарына табиғи газ берілді. Байқоңырдың іргесінде орналасқан елдімекен тұрғындары көгілдір отынға қосылатын күнді көптен күткен болатын. Өңірге барған Парламент депутаттары мен аймақ басшысы көмір жағып, күл шығару машақатынан құтылған жұртшылықтың қуанышына ортақтасты.

Облыста газдандыру жұмыстары қарқын алып, ауыл-аймақтар кезең-кезеңімен көгілдір отынға қосылуда. Игі жоба биыл Ахай ауылы мен Төретам кентінде іске асты. Бұрын тұрғындар қатты отыннан тапшылық көріп, қыстан әзер шығатын. Енді бұл қиындықтар артта қалды. Жалпы өңірде осы жылы 11 елдімекенге табиғи газ тартылып жатыр.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

Биыл бізде осындай үлкен 30 үстінде жоба жасалып жатыр. Біз осы арқылы қазір өңірдегі көгілдір отынмен қамтамасыз ету көрсеткішін 78 пайызға жеткізетін боламыз. Келесі жылы да бұл жұмыстар жалғасын табады. Өйткені, өте қажет.
Сондай-ақ аудан орталығында мемлекеттік бағдарлама аясында әлеуметтік осал топтағы отбасыларға тұрғын үйлер берілді. Баспана тауқыметін көріп келген 50 жанұяға ел ағалары салтанатты түрде жаңа қоныстардың кілтін табыстады. Бұл игі істердің бастамасы ғана. Жыл соңына дейін тағы 50 тұрғын үй пайдалануға берілмек.

Мейрамкүл Нұрмаханова, кент тұрғыны:

Бүгін баспаналы болып жатырмын. Осыдан 5,5 жыл бұрын көпбалалы ана ретінде тіркеліп, биыл кезегі бұйырып баспаналы болып жатырмын. Өте қуаныштымын, барлықтарыңызға рақмет!
Мұнан бөлек, Жосалы кентінде заманауи Руханият орталығының құрылысы жүріп жатыр. Мұнда мұражай, кітапхана, мұрағат, неке қию залы мен басқа да ұйымдар бір орталыққа топтасады. Мердігер нысан құрылысын жыл аяғына дейін аяқтауды көздеп отыр.


Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу