Париж прокуратурасы Дуровтың қамалуына қатысты бүгін мәлімдеме жасайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Париж прокуратурасы Дуровтың қамалуына қатысты бүгін мәлімдеме жасайды

26.08.2024

Париж прокуратурасы Павел Дуровтың қамауға алынуына қатысты бүгін ресми мәлімдеме жасайды. «Телеграмның» негізін қалаушы белгілі миллиардер екі күн бұрын Ле Бурже әуежайында ұсталған еді. Бүгін оны қамауда ұстау мерзімі 48 сағатқа ұзартылды.

Павел Дуровтың қамауға алынуы қазір әлем бойынша қызу талқыланып жатыр. Телеграмның негізін қалаушы өткен сенбі күні Париждің Ле Бурже әуежайында ұсталған еді. Бұған себеп – телеграм мессенджерінің Францияның құқық қорғау органдарымен әріптестік орнатпауы. Яғни платформа қолданушылары жайлы мүлдем мәлімет бермейді. Сол үшін құқық қорғау органдары кәсіпкерді «Мессенджер арқылы заңсыз есірткі айналымына көмектесті, алаяқтықтың белең алуына, балаларға қарсы қылмыстың өршуіне кінәлі» деп айыптап отыр.

Десе де Телеграм командасы мұнымен келіспейді:

Платформа Еуроодақ заңдарын, соның ішінде цифрлық қызметтер туралы заңды сақтап келеді. Дуровтың Еуропаны емін-еркін аралап жүргені, оның жасыратын ешнәрсесі жоқ екенін білдіреді. Платформаны адамдар теріс пайдаланғаны үшін оның иесі жауап береді деген түсінік ақылға қонымсыз.

Бүгін белгілі миллиардерді қамауда ұстау мерзімі 48 сағатқа ұзартылды. Франция заңы бойынша оны 96 сағат, яғни 4 тәулікке дейін қамауда ұстауға болады. Кейін судья оны босатуы керек немесе ресми айып тағылуы тиіс. Ал көпшілік Дуровтың қамауға алынуын сөз бостандығын шектеу деп Франция билігін сынап отыр. Қолдау білдіргендердің қатарында Илон Маск пен белгілі журналист Такер Карлсон бар. Еліміздің Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі де Телеграмнан кінәрат іздемеуге шақырды.

Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

Біз дербес деректердің таралуын, есірткі трафигімен күрес және мессенджердегі басқа да заңсыз әрекеттерді тоқтату бойынша мәселелерді бірнеше рет сәтті әрі жедел шештік. Telegram командасы әрдайым азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ынтымақтастыққа дайын, құпиялылық пен сөз бостандығын қорғау қағидаттарына адал болып келеді.

Павел Дуров – «В контакте», «Телеграм» секілді мессенджерлердің негізін қалаушы. Ресей, Франция мен Біріккен Араб Әмірліктерінің азаматы. Елімізге жақында сапарлап келген еді. Тіпті ауыл балаларына қолдау көрсету үшін «IQanat» жобасы аясында 365 000 доллар сомасына 12 грант бөлген болатын. Ал бүгін Париж прокуратурасы Дуровтың қамауға алынуына қатысты ресми мәлімдеме жасауы тиіс.


Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу