Президент Олимпиада жүлдегерлерін марапаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Олимпиада жүлдегерлерін марапаттады

27.08.2024

Париж төрінде топ жарған қазақ спортшылары бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Еліміздің абыройын асырған қыз-жігіттердің еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Президент барлығының кеудесіне мемлекеттік наградалар тағып, жеңісімен құттықтады. Әрі спорт саласындағы олқылықтарды айтып, жауапты ведомствоның жұмысын сынға алды. 


Президент Парижде топ жарған спортшылармен кездесті

Бұл Париж төрінде топ жарған спортшылар мен олардың бапкерлері. Елдің үкілеген үмітін ақтап, жеңіспен оралған оғландар. Президент әрқайсын құттықтап, ел тарихында Олимпиадада дзюдодан алғашқы алтынды алған спортшы Елдос Сметовтың еңбеген ерекше атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Елдос бауырым, сен Олимпиадаға аттанар алдында маған және барлық спорт жанкүйерлеріне бар күш-жігерімді жеңіске жету үшін жұмсаймын деп уәде бердің. Сөзіңде тұрдың. Нағыз жігітсің! Біз бәріміз сені мақтан тұтамыз.
Мемлекет басшысы спорт саласындағы олқылықтарды айтты

Бұдан соң Мемлекет басшысы саласындағы біраз былықтың бетін ашты. Өйткені өткен Олимпиаданың өзі спорттағы кемшіліктерді көрсетіп, оған реформа жасау қажеттігін аңғартты. Халық та спортшыларымыздан көп нәтиже күткен еді. Десе де құрамамыз небары 43-орынға тұрақтады. Ал аймақта спортты дамытуға ең көп қаржы бөлетін Қазақстан.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Салалық министрлік, Ұлттық олимпиада комитеті, өңірлердегі спорт басқармалары мен федерациялардың жұмысында олқылық көп әрі өзара үйлесімді жұмыс жоқ. Қазіргі жағдайға қарағанда, спорт функционерлері саланы дамытумен емес, миллиардтаған бюджет қаржысын игерумен әлек. Олар түпкі нәтижеге бас ауыртпайды. Спорт саласында жемқорлық фактілері жиі кездеседі. Бұл тек отандық спорттың дамуына ғана емес, елдің абырой-беделіне нұқсан келтіреді. Мұндайға жол беруге болмайды.
Сондықтан Президент саланы біртіндеп реформалауды тапсырды. Әрі Республикалық федерациялардың қызметіне сараптама жүргізіліп, қаржыландыру тәсілдеру қайта қаралмақ. Ал Олимпиада резервін дайындайтын мектеп-интернаттар мен колледждер енді барлық өңірде болуы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Тағы бір міндет – спорт қауымдастықтарының тиімділігін арттыру. Олардың көбі мықты спортшыларды іріктеп, кәсіби тұрғыдан өсірудің оңтайлы жолын таппай келеді. Соның салдарынан нағыз дарынды жастар көзге ілінбей, жолы ашылмай қалады. Сондықтан ел ішіндегі түрлі жарыстарда әділдік болуын қамтамасыз ету керек. Спортшыларды іріктеу жұмыстары барынша ашық жүргізілуге тиіс.
Бұдан бөлек, олимпиадалық спорт түрлеріне мектеп кезінен қатаң көңіл бөлініп, бұқаралық спортты дамытуға ерекше ден қойылуы керек деді Президент. Әрі шетел спортшыларына Қазақстан азаматтығын беріп, Олимпиадаға легионерлерді апаруды қою керек деді. Мұндай жалған жеңіс абырой әпермейді. Керісінше шетелден спортшы емес, мықты бапкерлерді тартып, өзіміздікілерге қолдау көрсетуіміз керек. Өйткені жағдайдың жоқтығынан елден кетіп жатқандары көп.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мысалы, осы Олимпиада ойындарында Тунис елінің таэквондодан ұлттық құрамасы қазақ бапкері Есбол Сұлтановтың жетекшілігімен екі медаль жеңіп алды, оның біреуі – алтын медаль. Бапкерлерге жан-жақты қолдау көрсету шараларын қолға алу керек, әсіресе, олардың қоғамдағы әлеуметтік және кәсіби мәртебесін арттыру өте маңызды.
Президент Олимпиада жүлдегерлерін марапаттады
Бұдан соң, Мемлекет басшысы жеңіспен оралған саңлақтарымызды марапаттады. Алғашқы орден Жақсылық Үшкемпіровтың даңқты жолын жалғаған Елдос Сметовке бұйырды. Елдің абыройын асырған спортшыны Президент бауырына басып, ризашылығын білдірді.
Елдос Сметов, Париж Олимпиадасының чемпионы:
Мен өзім әлі спортты аяқтаған жоқпын. 2028-де мүмкіндік болып жатса, барып жатсам тек қана алтын үшін күресетінімді айтқым келеді.
Президент Нариман Құрбановтың күміс жүлдесін де тарихи жетістік деді. Өйткені Гимнастика шеберлері тұңғыш рет Олимпиада биігін бағындырып отыр. Демеу Жадыраев пен Нұрбек Оралбай да күміспен көпшілікті қуантты. Ал мергендеріміз Александра Ле мен Ислам Сәтбаев нысана көздеуден қола медаль алды. Бұл – 28 жылдан бері еліміздің осы спорт түрінен қол жеткізген алғашқы жүлдесі. Бұл спортшыларға ғана емес, олардың бапкерлеріне де «Құрмет»,  «Парасат»  ордендері табысталды.
Назым Қазайбай, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері:
Әнұранымды ойнатпасам да еліміздің байрағын көкке көтеріп, қола медаль алғаныма қуаныштымын. Алдағы уақытта да жеңіске жетуге бар күш-жігерімізді саламыз.
Демеу Жадыраев, Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері:
Қиыншылық пен қуаныш қатар жүреді. Соның бәрінен өтіп, осындай медаль алып жатқанымыз оның бәрін ұмыттырып жіберді десем болады. Керемет сезім. Президенттің қолынан орден алғанымызды айтып жеткізу қиын.
Ал салтанатты шарадан соң Мемлекет басшысы спортшылармен естелік суретке түсіп, алдағы додаларда сәттілік тіледі.
Досжан Маратұлы, тілші:
Сөз соңында Президент спортшыларды «бүгінгі жетістік ертеңгі жеңістің бастауы» деп қанаттандырып қойды. Марапат алып, марқайған оларға енді босаңсуға болмайды. Өйткені Мемлекет басшысы қыз-жігіттерге келесі Олимпиаданы да бағындыру қажеттігін айтты.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу