Ұлттық ғылым академиясына қабылданған академиктер таныстырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық ғылым академиясына қабылданған академиктер таныстырылды

27.08.2024

Бүгін Алматыда Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясына жаңадан сайланған академиктер таныстырылды. Оларға дипломдар мен арнайы төсбелгілер табысталды. Шараға жоғары оқу орындары мен ғылыми зерттеу институттарының басшылары және жас ғалымдар қатысты.

Бүгін 9 адам Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академигі атанды. Олардың қатарында Асқар Жұмаділдаев, Серік Ақшолақов, Ақылбек Күрішбаев, Вячеслав Локшин сынды есімі елге танымал ғалымдар бар. Бірі медицина саласындағы, енді бірі ауыл шаруашылығы саласында еңбектеніп жүр.

Тілекқабыл Рамазанов, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академигі, физик-ғалым:

Міне, академиктер сайланып жатыр. Жалпы болашақта осы академияға менің ойымша көп болмаса да, сапалы, еңбегі сіңген, жетістіктері мол жас ғалымдар сайлануы керек деген ойдамын. 

Жаңадан сайланған бұл академиктердің сүбелі ғылыми жобалары, алдағы 5 жылда жүзеге асатын болады. Оған мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалмақ. Яғни ғылыми жобаларын насихаттау үшін сайт ашуға жәрдемдеседі, тың еңбектерін таныстыратын алаңдар ұсынылады. Тіпті қоғамдық ұйымдар құрып, оған жетекшілік етуге құқылы. Академиктер соңғы жылдары Үкімет қолдауын сезінетіндерін жеткізді. Салаға бөлінетін қаржы да еселене түскен. Ғылыми тың жобалардың да іске асуына мүмкіндік мол деп отыр.

Дөрбеткен Сұраған, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академигі, математик-ғалым:

Қазір Үкімет тарапынан ғылыми жобаларға үлкен қаржылар бөліп жатыр. Егер сіз ғылымға қызығасыз ба, идеяңыз бар ма жобаңызды жасаңыз. Ешқандай мәселе жоқ. Тапсырасыз. Үкіметтен ауқымды қаржы аласыз. Қазір ғылыммен айналысатын кез. Әсіресе біздің елімізде. Әсіресе жаңадан ғылымға келіп жатсаңыз. Себебі мүмкіндік көп. 

Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы әр сала бойынша ғалымдарды таңдауды осылай жалғастыра береді. Алдағы 2 жылда аталған академия құрамы толық жаңартылмақ.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу