Еліміздің мұнай өндірісіне - 125 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің мұнай өндірісіне - 125 жыл

27.08.2024

Қазақстанда мұнай-газ өндірісіне биыл - 125 жыл. Ел экономикасын өрге сүйреген саланың осы жылдар ішінде жеткен жетістігі аз емес. Мерейлі мерекеге орай Қызылордада салтанатты шара ұйымдастырылып, сала ардагерлері мен жергілікті мұнайшылар сый-құрметке бөленді.

Сыр өңірінде мұнай-газ кен орындарының игерілгеніне 30 жылдан асты. Бүгінде аймақтағы ірі кәсіпорындар еліміздің қара алтын өндірісіне елеулі үлес қосып келеді. Бұл ретте «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы жүйелі жұмыс жүргізіп, облыстың әлеуметтік экономикалық әлеуетін көтеруге де айырықша қолдау көрсетіп отыр. Өңір жастарының жан-жақты дамуына ықпал ететін, іргелі жобалардың бірі – 350 балаға арналған оқушылар сарайының құрылысы.

Асхат Хасенов, «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасы:

Ардагерлерімізге қиын кезеңде мұнай өндіріп, мұнайды тауып, игеріп сол кісілердің арқасында біз осындай жетістіктерге жетіп жатырмыз деп ойлаймын. Мемлекет басшысы Қ.Ж.Кемелұлы өзі ерекше оны әрқашан атап өтеді. Яғни, жер қойнауы халықтың байлығы деген тұжырым. Біз енді ұлттық мұнай-газ компаниясы ретінде біз соны сөзбен емес іспен дәлелдейміз.

Салтанатты шарада облыс әкімі мен Энергетика министрінің орынбасары, сала ардагерлері мұнайшыларды құттықтап, ізгі лебізін білдірді. Сондай-ақ, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының төрағасы Асхат Хасенов мұнай-газ өндірісіне еңбегі сіңгендерге 125 жылдық мерейтойға арналған арнайы төсбелгілерді табыстады.

Әсия Хайруллаева, Еңбек ардагері:

«ҚазГерМұнайда» 1999 жылдан бастап жұмыс істедім. Шынын айтқанда тақыр далада еңбек етіп, алғаш мұнай өндірісін қолға алған кез. Қазір кен орындары қалашыққа айналған. Мұнайшыларға барлық жағдай жасалған. Біз секілді ардагерлерді ардақтап, осы салаға арнаған қанша жылғы еңбегімізді елеп ескерген кейінгі буын әріптестерімізге алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Еліміз бойынша 200-ден аса мұнай-газ кен орны бар. Тәуелсіздік алған кезеңнен бері өндіріс төрт есе өсіп, қазір жылына 90 миллион тонна қара алтын өндіріледі.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу