Батыс Қазақстан облысында жол апатында жарақат алған ағайынды екі баланың бірінің жағдайы ауыр. Екеуі де араға екі күн салып санитарлық авиациямен облыс орталығына жеткізілді. 10 жастағы бала қажетті ем-шарасын алып, жансақтау бөлімінен шықты. Ал 8 жастағы інісіне қаладан барған дәрігерлер сол мезетте Жалпақтал ауруханасында операция жасаған. Жағдайы ауырлағасын облыстық балалар ауруханасына жеткізді. Қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Балалар өткен сенбіде Казталов ауданында төрт адам қаза тапқан жол-көлік оқиғасында ауыр жарақат алған еді. Апатта Қаратөбе аудандық Полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Марлен Қарабаев та жұбайымен бірге көз жұмды. Артында бес баласы қалды. Ал ауруханадағы балалар қаза тапқан екінші жұптың ұлдары.
Айбек Ахатов, балалар нейрохирургі:
2014 жылғы балада бас ми және сан сүйегінің сынығы жарақаты, денесінің соғылулары болды. Оны реанимацияға салып, қазір ем алып, бүгін бөлімшеге шығарылып жатыр. Ал екінші бала қазіргі таңда реанимацияда. Баланың жағдайы ауыр. Есі анық, бірақ бас ми соғылуына байланысты ауыр деп есептеледі.
Ардақ Мұратқызы