Қарағанды облысында ауылдағы ескі спорт нысандары жөнделуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында ауылдағы ескі спорт нысандары жөнделуде

28.08.2024

Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданына қарасты бірнеше елдімекенде спорт нысандары жаңғыртылып жатыр. Мәселен, 1500 тұрғыны бар Центральное ауылында 2000 жылдан бері спорт ғимараты атымен болмаған. Тоқырау кезінде қараусыз қалған спорт залды жөндеуге аудандық бюджеттен 158 миллион теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстары қыркүйектің соңына дейін бітуі тиіс. Мұнда күрес, футбол, баскетбол, волейбол, үстел теннисі сынды үйірмелер жұмыс істейді.

Юрий Жауров, Центральное ауылының тұрғыны:

2000 жылға қарай экономикалық тоқырау кезінде спорт залымыз жабылып қалды. Себебі оны ұстап тұруға қаражат мүмкіншілігі болмады. Нысан әбден тозып кеткен еді. Кейінгі жылдары біз осы залды қайта күрделі жөндеуден өткізу мәселесін көтеріп жүрдік. Енді арманымыз орындалды. 

Халық денсаулығын жақсарту үшін бұқаралық спортты дамыту туралы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Бұқар жырау ауданында соңғы екі-үш жылда біраз жұмыс атқарылды. Бүгінде ауданда 127 спорт нысаны жұмыс істеп тұр. Биыл бір ауылда хоккей корты, екі ауылда футбол алаңы, тағы екі елдімекенде әмбебап спорт кешенінің құрылысы басталды.

Нұрбол Бөпежанов, Центральное ауылдық округінің әкімі:

Жоспар бойынша енді бұл жерде 10 шақты тренер болады. Бір 15 адамға жұмыс орындары ашылады. Біздің жастар өте талантты, көздері жанып, көп сайыстарда орындар алып жүр. Спорт шебері болған көп балалар бар.

Жандос Бақытұлы


Хабарламаларға жазылу