Павлодар облысының Ақсу елдімекеніндегі сүт тауарлы фермасы ауыл шаруашылығы саласындағы іргелі жобалардың бірі. Шаруашылыққа шетелден 570 бас сиыр жеткізілді. Шаруашылық өнім көлемін арттырған соң 160 адам жұмыспен қамтылады.
«Кронос-Павлодар» сүт тауарлы фермасы Павлодар облысында биыл жүзеге асып жатқан ірі жобалардың бірі. Шаруашылық 1890 бас ірі қараға шақталған. Бүгінгі таңда Еуропадан голштин тұқымды 500-ден астам сүтті сиыр әкелінді.
Алексей Макаров, «Кронос-Павлодар» ЖШС сүт-тауарлы фермасының басқарушысы:
Екінші партияны жақында шілдеде әкелдік. Олар қазан айында төлдейді деп күтіп отырмыз. Алғашқы партия бойынша 29-30 литр алып отырмыз. Қараша айында тағы 700 бас ірі қараны елге әкелу жоспарланып отыр. Өнім өзіміздің «Молком» сүт фирмасына жіберіледі.
«Кронос-Павлодар» фермасы Ақсу ауылдық аймағында орналасқан. 1000 гектар жерге жем-шөп өсіреді. Келер жылы қосымша 350 гектарға люцерна салынады. 2025 жылы 720 басқа тағы бір кешен бой көтермек. Сүт тауарлы фермада Германияның үздік құрылғылары орнатылған. Шаруашылықта 59 адам еңбек етеді. Жоба толық іске қосылғанда, 160 адамды жұмыспен қамтиды. Жобаның инвестициялық құны 15 млрд теңге.
Қайырболат Байсаринов, Павлодар облыстық а/ш басқармасының бөлім басшысы:
Бұл жоба мемлекеттен инвестициялық субсидиялау аясында қолдау тапты. Солтүстік Қазақстан өңірінің тәжірибесін тарату аясында 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 5 млрд теңге несие берілді. Өздері 8,7 млрд теңге салды. Осылайша жалпы жобаның құны 13,7 млрд теңге.
Облыста 36 сүтті-тауарлы ферма бар. Олардың басым бөлігі шетелдік өндірушілердің заманауи құрал жабдығын пайдаланады. Бұл технологиялық процестерін автоматтандыруға мүмкіндік береді.
Ғабит Ұзақбай