Канаданың Монреаль қаласында Халықаралық азаматтық авиация ұйымының 14-ші Аэронавигациялық конференциясы басталды. Маңызды шараға көлік министрі бастаған қазақтандық делегация да қатысып жатыр. Министр Марат Қарабаев конференция аясында ИКАО Кеңесінің Президенті Сальваторе Шаккитано және ұйымның Бас хатшысы Хуан Карлос Салазармен кездесті. Ұйым басшылары Қазақстанның тұрақты өкілдік ашу туралы шешімін жоғары бағалады. Кездесу қорытындысы бойынша басқару қызметтерін көрсету туралы келісімге қол қойылды. Осы келісім негізінде Қазақстан мен отандық авиациялық ұйымдар ИКАО-ның тәжiрибесi мен ресурстарын пайдалану көрсеткіштерін жақсарту және халықаралық авиациялық стандарттарды сақтау ісінде кеңінен қолдана алады. Сондай-ақ бұл уағдаластық ИКАО-ға азаматтық авиацияны бас жоспарлау мен әуежайларды жоспарлау секілді істерде Қазақстанның қажеттіліктеріне сай нақты жобалық ұсыныстарды әзірлеуге мүмкіндік береді.
Хуан Карлос Салазар, Халықаралық азаматтық авиация ұйымының Бас хатшысы:
Қазақстанның азаматтық авиация саласы күрт дамығанына куә болдық. Бір кездері бірқатар сынақтарға тап болған еді. Алайда қысқа уақыт ішінде оны еңсеріп қана қоймай, үлкен эволюциялық даму қарқынын көрсетті. ИКАО бұл жетістікке өте қуанышты. Қазір Қазақстан азаматтық авиацияны дамыту бойынша тек аймақтық қана емес, жаһандық деңгейдегі жетекші елге айналды.
Жалғас Сәдібекұлы