Қонаев қаласында 85 отбасыға пәтер кілті табысталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қонаев қаласында 85 отбасыға пәтер кілті табысталды

29.08.2024

Алматы облысы, Қонаев қаласының тұрғындары су жаңа пәтерге ие болды. Кілттерді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев табыстады. Баспана 10 жылдан астам уақыт үй кезегінде тұрған 85 отбасыға берілді.

Жаңа пәтерге ие болғандардың бірі Анар Алмұратова. «Күміс алқа» иегері бүгінде бес қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр. Ол он жылдан бері қалалық ауруханада медбике болып жұмыс істейді.

Анар Алмұратова, жаңа баспана иесі:

Қонаевта тұрып жатқанымызға он жыл болды. 2012 көшіп келдім. Әсерімді айта алмаймын, толқып тұрмын, қуаныштымын. Конституцияның 30 жылдығына қарсы үй беріп жатыр, балапандарымыз осы жерден сабаққа барады. Іші тек жанға толып, екі бөлмелі үй, квадратурасы 78, іші үлкен.

«Sun city» тұрғын үй кешені қаланың жайлы, әрі қолайлы бөлігінде орналасқан. Ғимараттың құрылысы екі жыл бұрын басталып, биыл пайдалануға берілді. 12 қабатты нысанның ауласы толық абаттандырылған. Балаларға арналған спорттық, ойын-сауық алаңдары да орнатылыпты.

Асхат Бердіханов, Қонаев қаласының әкімі:

Көп балалы аналар, соғыс ардагерлері, жетім балалар, 1-2 топ мүгедектерге қарастырылды. Бізде Қонаев қаласында 1834 адам кезекте тұр. Жылдың аяғына дейін 165 пәтер осылай үкімет тарапынан беріледі деп ойлаймыз.

Пәтерлер баспана сатып алу бағдарламасы аясында Ата Заң күні қарсаңында табысталды. Сонымен қатар мерекеге орай облыс орталығында 45 мың адам қатысқан 230 шара ұйымдастырылды. Қоғамның түрлі саласында еңбек еткен азаматтар марапатталды.

Айдана Қуантхан


Хабарламаларға жазылу