Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдағы тапсырмасы аясында Ұлытау облысында Мемлекеттік рәміздер алаңы ашылды. Әулиетаудың етегінде бой көтерген ерекше нысан мереке қарсаңында ел игілігіне берілді.
Мемлекеттік рәміздер алаңы «Таңбалы тас» орнатылған еліміздегі тұңғыш нысан. Президент тапсырмасы бойынша Әулиетау етегінен 3 гектар жер бөлініп, құрылысы былтыр басталған болатын.
Берік Әбдіғалиұлы, Ұлытау облысының әкімі:
«Мемлекеттік рәміздер» алаңы – еліміздің арғы-бергі тарихын қамтитын тұтас композиция. Бұл руға бөлінбейтін керісінше рудан құралатын халқымыздың дала хаттамасы. Белгілі ғалым Манас Қозыбаев айтып еді: «Бұл таңбалы тас – қазақтың Конституциясы»
Жоба авторы – елге белгілі суретші-монументші Ғазиз Ешкенов. Конституция күні қарсаңында ел игілігіне берілген бұл нысанда биіктігі 22 метр болатын тұғырда көк туымыз бой көтеріп, тұғыртаста елтаңба мен әнұран бейнеленді.
Сағындық Қожамсейітов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
Кеше қазақ боламыз деген тайпалар «Таңбалы Нұраға» жиналып салған таңбалары осында. Жастарға болсын, үлкендерге болсын, Қазақ мемлекетінің қадірі мен атағын, жеткен биігін көруге жастарды тәрбиелеуге маңызды болып табылады.
«Таңбалы тастың» айналасында өзіндік мәні, терең мағынасы бар, тарих беттерін бейнелейтін «Тәуелсіз Қазақстан», «Қазақ хандығы», «Түрік қағанаты» мен «Алтын Орда» қабырғалары бой көтерген. Бұл – өткенін ұмытпаған елдің, болашаққа бастар даңғыл жолы іспетті.
Жандос Бақытұлы