ИКАО ұйымында Қазақстанның тұрақты өкілдігі ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ИКАО ұйымында Қазақстанның тұрақты өкілдігі ашылды

31.08.2024

Қазақстан әлемдік азаматтық авиация саласына тікелей ықпал ететін болды. Еліміз Канаданың Монреаль қаласында орналасқан Халықаралық азаматтық авиация ұйымының штаб-пәтерінде тұрақты өкілдігін ашты. Осылайша, Қазақстан Орталық Азия елдері ішінде ықпалды ұйымда өкілдігін іске қосқан алғашқы ел болып отыр.

Бұл еліміздің 14-ші Аэронавигациялық конференция аясында тұрақты өкілдігін ресми ашу сәті. Арнайы сөз сөйлеген ИКАО Кеңесінің Президенті Сальваторе Шаккитано Қазақтанның тұрақты өкілдік ашуын жоғары бағалап, сенім білдірді. ИКАО-ға 193 мемлекет мүше болғанымен тек алпыс бір мемлекетте ғана өкілдігі бар. Бұдан былай олардың қатарына Қазақстан қосылды. Бұл еліміздің имиджін көтеріп қана қоймай, ұйым аясындағы ынтымақты күшейтіп, азаматтық авиация саласын одан әрі дамытуға мүмкіндік бермек.

Хуан Карлос Салазар, Халықаралық азаматтық авиация ұйымының Бас хатшысы:

Қазақстан мен ИКАО арасындағы ынтымақ деңгейі барынша жоғары. Қазақстан ИКАО Кеңесiнде және Аэронавигациялық комиссияда яғни, осы ұйымдағы жоғарғы басқару органы мен шешiмдер қабылдайтын органдарда болып жатқан талқылауларға тікелей қатысып ұсыныстар жасап өз үлесiн қоса алады.

ИКАО талапшыл ұйым. Бір кездері Қазақстанның әуе саласына қатысты сыны аз болған жоқ. Бірақ, жүйелі жұмыстың арқасында еліміз азаматтық авиация саласын ұйым стандарттары мен талаптарына сай етіп қана қоймай, тиісті заңдарды да қабылдап үлгерді.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

Қазақстанда ұшу қауіпсіздігінің халықаралық стандарттарына сәйкестік деңгейі 82%, бұл әлемдік орташа көрсеткіштен 15%-ға жоғары. Бұл ТМД елдері арасындағы ең жоғарғы көрсеткіш. ИКАО сарапшылары Қазақстанның барлық салада өскенін атап өтуде. Ең алдымен, «Ұйымдастыру құрылымы» және «Заңнама» бойынша. Алдағы уақытта біз бұл көрсеткіштерді 90%-ға дейін арттыруды көздеп отырмыз.

Осы шарада қазақтандық мамандар Канада және АҚШ үкіметінің өткелдерімен кездесіп, тікелей әуе байланысын ашу ісін пысықтады. Тараптар аэронавигация және ұшу қауіпсіздігі саласындағы өзгерістерді егжей-тегжейлі талқылайды.

Ғабит Ұзақбай

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу