Жоғары технологиямен жол салу үшін бәсекелестік күшейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жоғары технологиямен жол салу үшін бәсекелестік күшейді

31.08.2024

«2050 жылға қарай Еуропада жол апатынан ешкім опат болмауы керек». Ол үшін ЕуроОдақ басшылары Еуропа нарығында сатылатын барлық көліктерге 30 жаңа технологияны енгізуді жүктеді. Көлікте автоматты түрде басылатын тежегіш жүйесі, тіпті ұшақтағыдай оқиғаның қалай орын алғанын жазып отыратын қара жәшік те орнатылуы тиіс. Қазір қарт құрлық елдерінде жоғары технологиямен жол салу үшін бәсеке қызды.

Қарт құрлықта жолдың тақтайдай тегіс болуы жақсы өмірдің жарқын көрінісі ғана емес, табыс кілті. Сондықтан, еуропалықтар құрылыс кезінде барлық детальды есепке алады. Климаттың қолайсыздығын қаперде ұстайды. Мәселен, жыл он екі ай жаңбырдан көз ашпайтын Ұлыбритания мен Бельгияда құрылысшылар бетонның беті кеппейінше жабуға асықпайды. Қысы қатты Скандинавия елдері жолды аязға шыдас беретін қоспалардан жасаса, Испания, Италия, Франция аптап ыстықта асфальттың еріп кетпеуі үшін инновациялық технологияларды қолданады.

Матиас Хаутман, жол салумен айналысатын компанияның бригадирі:

Біз жолдың 30 жылға шыдас беретіне кепілдік беріп саламыз. Осы уақыт аралығында трассаның техникалық жағдайына біз, яғни салған компания жауап береді, тесілсе жөндейді. Сапасыз жолдың кесірінен көлік апаты орын алып, адамдар қаза тапса, онда жол салу компаниясы қырғын айыппұл төлеп, тіпті ісі сотта қаралады.

Еуропа елдері қазір мейлінше қауіпсіз, экологиялық, экономикалық жағынан тиімді жол салу үшін бәсекені күшейтті. Нидерланд қайта өңделген пластиктен салынған жолдарды көбейтіп жатыр. Мәселен 30 метрлік мына веложолақты төсеуге 300 мың пластик құты жұмсалған.

Томас Бергэн, «Пластик жол» жобасының үйлестірушісі:

Пластиктен жол салу өте тез, дайын блоктарды әкеп, біріктіре саласың. Әрі өте берік. Асфальт, бетонды төсеу кезінде қоршаған орта ласталады. Ал, пластик көмірқышқыл газының ауаға таралуын 70 пайызға азайтады.

Пластик жол 40 градус суық пен 80 градус ыстыққа төзімді. Жаңбыр құйса, шалшық су жер астына тез сіңіп кетеді-дейді жоба жетекшілері. Күндіз күн сәулесімен қызып, түнде жолға жарық беретін испандық өнертапқыштың идеясын да үкімет жүзеге асыруға кірісті. Британдық инженердің тас жолды толықтай күн панельдерімен жабатын бірегей жобасы да жақында жүзеге асырылмақ. Дамыған елдердің діттегені-қалдықтарды қайта өңдеу арқылы салынатын «ақылды» жолдарды көбейту.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу