Жыл соңына дейін елімізде тозығы жеткен 96 гидротехникалық құрылыс жөнделіп бетеді. Сонымен қатар, 1 млн-нан астам тұрғыны бар 426 елді мекенде ауыз су сапасы жақсарады. Десе де ауылшаруашылығы әлі күнге дейін тапшылықтың машақатын тартып отыр. Кейбір өңірлерде агро салаға жұмсалуы тиіс тіршілік нәрінің 40 пайызы жерге сіңіп, текке ысырап болып жатыр. Әріптесім Жандос Темірғали су саясатын тығырыққа тіреп тұрған мәселелерге тоқталады.
Жандос Темірғали, тілші:
Иә, сарқырап ағып жатқан суды сарқылмастай көреміз. БҰҰ-ның ақпаратына сай, қазірдің өзінде планетамыздағы халықтың 40 пайызы тіршілік нәрінен таршылық көріп отыр. Ал, отандық зерттеушілер ысырап болып жатқан көл-көсір қорды сақтамасақ, алдағы 17 жылда еліміздегі әрбір екінші қазақстандық таза ауыз сусыз қалуы мүмкін дейді.
Ауыл шаруашылығындағы каналдардың көбі тозған
Қазірдің өзінде еліміздегі 3 жарым мыңдай каналдың жартысынан көбі әбден тозған. Салдарынан көл-көсір табиғи ресурстың 60%-ы жерге сіңіп, құрдымға кетіп жатыр. Мамандар, ысырапты тоқтатпасақ, 2040 –ыншы жылға қарай, тұтынуға жататын тіршілік нәрінің тең жартысынан айырыламыз дейді.
Аманбек Рамазанов, су саласының ардагері:
Судың базалық құны 1 текше метрі 5 тиын. Оның үстіне тариф түседі. Оның өзі 3 теңгеден төмен. Дамыған елдермен салыстырғанда ол 10 есе тіпті, 100 есе кем.Платиналарды нығайтып, сенімді түрде күту керек қой. Оған ол қаражат жетпейді.
Мәселен, аграрлы аймақ саналатын Жамбылда 2 394 шақырымды құрайтын 349 канал бар. Бұл арналар желісі арқылы 91 мың гектарға жуық алқап суарылады. Алайда, нысандардың көбі ескірген. Арық-атыздың аңқасы кеуіп тұр. Соның салдарынан бір ғана Шу ауданындағы 4 ауылдың дихандары алты жыл бойы алқаптарына соқа сала алмай жүр.
Ғалымжан Байғұлов, диқан:
Каналдар кеңес одағынан бастап жөндеу көрмеген. Сол себебінен бізге судың жетуі проблемасы болған. Қазіргі таңда осы каналды бетондап, тезірек бітсе, толығынан берсе сол дұрыс болар еді.
Ал бұл - Түркістан облысы, Шардара ауданы Алатау батыр ауылындағы ахуал. Шаруалар шайынды судың машақатын тартып отыр. Себебі дренаж жүйелерін жетілдіру жобасы кемшін. Шаруа Мақсат Яхияев биыл 8 гектар жерге мақта, 4 гектарға жоңышқа еккен. Алайда жер астынан тұзды су көтеріліп, егістік алқабын қуратып тынған.
Мақсат Яхияев, шаруа:
Бір гектар жерге үш жүз мың теңгедей ақша шығарып отырмыз. Дәрісі бар, несі бар. Енді мына жердегі мақтадан ондай өнім аламыз деп ойламаймыз мысалы үшін да.
Қазақстан көршілес мемлекеттердің суына 80 пайызға тәуелді. Айналасы 7 жылда іргелес өзендердің ағыны 11% - ға азаяды деген болжам бар. Мәселені шешу үшін су министрлігі Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында 3500 шақырым суару желілерін цифрландыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Сонымен қатар 2030 жылға дейін су шаруашылығы құрылыстарын қалпына келтірудің кешенді жоспарын әзірледі. Осы құжаттың негізінде 114 жоба жүзеге аспақ.
Суармалы алқаптардың 50%-дан астамына ысыраптан тиятын арнайы технология енгізіледі
Жандос Темірғали, тілші:
Агро саладағы судың 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Осы мәселені шешу үшін енді егістік алқаптарына су үнемдеу жүйелері көптеп орнатылады. Алдағы 6 жылды қамтитын кезеңдік жоспар әзірленді. Осы құжаттың негізінде дәл осындай суармалы алқаптардың 50%-дан астамын ысыраптан тиятын арнайы технологиямен қамту көзделген. Сол арқылы жылына 2,1 текше шақырымға дейін су үнемдеу жоспарланып отыр.
Жандос Темірғали