Бүгін бірінші сыныпқа барған 352 мың бала үшін алғашқы қоңырау соғылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін бірінші сыныпқа барған 352 мың бала үшін алғашқы қоңырау соғылды

01.09.2024

Бүгін бірінші сыныпқа барған 352 мың бала үшін алғашқы қоңырау соғылды. Жалпы 7859 мектепте 3,9 млн оқушы білім алмақ. 398 854 мұғалім сабақ береді. 2024-25 оқу жылында 302 мектеп пайдалануға беріледі. Айтпақшы биыл қауіпсіздік сабағы енгізілді. Бұл әрине, буллингке қарсы шара аясында іске асып отыр.

Ал Мемлекет басшысы ертең, 1-қыркүйекте Қазақстан халқына жолдауын жариялайды. Жалпы, елдің басшысының жолдау жасауы биыл 28-ші рет. Қасым-Жомарт Тоқаев жылда парламент сессиясының ашылуында жариялайды. Күзде жаңа оқу жылы ғана емес, саяси маусымның да шымылдығы түрілетінін білеміз. Парламент сессиясының ашылуына биліктің барлық тармағының өкілдері қатысады. Яғни жұмыстың басым бағыттары айқындалып, нақты тапсырма, жаңа мұрат қойылатын алаң да. Сол баяғы проблемалар дегенге келсек, ол түсінікті - проблемалардың тереңдігі соншалық, бір емес, бірнеше жылда тарқатылмайтындай болған. Оларға жаңадан қосылатын мәселелер бар. Азаматтық қоғамның дамуы да әсер етеді. Сонымен бірге әлемдік саясатта мылтықсыз, жанымызда мылтықпен майдан болып жатқан уақытта тіпті оңай емес.

Негізі Президент жолдауы Конституциямен бекітілген. Демек жолдау жасау - президенттің міндеті.

Бір сөзбен айтқанда, ахуалдың қандай екенін және мемлекеттік басқару ісінде не істелетінін азаматтар біліп отыруы керек. Қарапайым қазақстандықтар үшін ең төменгі жалақы, зейнетақы, салық, мемлекеттік бағдарламалар, медициналық көмек сияқты базалық қажеттіліктердің қандай болатыны аса маңызды. Соған сәйкес керек заңдар мен реформалар парламент пен үкіметке керек. Мысалы, Мәжіліс қарауында Бюджет, Су және Құрылыс кодекстері жатыр. Сонымен бірге харассмент- жұмыста тиісу, сталкинг- соңына түсу, қоймай жабысу сияқты жексұрын әрекетке баратындарды жазалайтын заң енгізу жоспары бар.

Сарапшылар жолдаудың символдық мәнін жоққа шығармайды: Президент не жоспары барын халыққа тікелей айтады, сол арқылы ұлттық мүдделерден айнымайтынын жеткізгісі келеді.


Хабарламаларға жазылу