АЭС салуға қатысты референдум 6 қазанда өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АЭС салуға қатысты референдум 6 қазанда өтеді

02.09.2024

Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Мұны Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында мәлімдеді. Тиісті Жарлыққа бүгін қол қойылады. Президент «Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ» деді. Әрі осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қаланатынын жеткізді. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр. Қазақстанның да экономикасы күн өткен сайын мол энергияны қажет етеді. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуы тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын.

Ал былтырдан бері қаралып жатқан жаңа Салық кодексін сапалы әзірлеу үшін оны қабылдау мерзімін келесі жылға ауыстыруға болады, деді Мемлекет басшысы. Жеке табыс салығының мөлшерлемесін азаматтардың кірісіне қарай дифференциациялау қажеттігін де қайта тапсырды. Әрі салықтық әкімшілендіру ісінде жазалау тәсілінен де бас тартқан абзал екенін айтты. Тіпті салық берешегі шектен асып кетсе де борышкердің банктегі есеп-шотын толық бұғаттамау қажет деді.


Данияр Қайыртай

Хабарламаларға жазылу