Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі бастамалары оның бұған дейінгі жолдауларынан және сайлау алдындағы бағдарламасынан бастау алған реформаларды одан әрі дамытуға арналды. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президенттің Қазақстан халқына жолдауына қатысты пікір білдірді.
«Мемлекет басшысы өз сөзінде азаматтардың тұрмысын жақсартуды көздейтін жүйелі экономикалық өзгерістерге баса назар аударды. Президент атап өткен барлық тоғыз басымдық мемлекеттік саясатты дәл осы міндетті орындауға жұмылдырады. Жолдауда жүзге жуық түрлі бастамалар, ұстыныстар және тапсырмалар бар. Мысалы салық жүйесін мұқият ойластыра отырып қайта жүктеу, шағын және орта бизнесті қолдауға арналған шаралар топтамасын оңтайландыру, ауыл шаруашылығы өнеркәсібі үшін қолжетімді несие беру, әділ әрі тиімді тариф саясатын жүргізу, көлік инфрақұрылымын жаңғырту, білікті мамандар даярлау, жасанды интеллектіні дамыту және жаппай цифрландыру, азаматтардың қауіпсіздігін жан-жақты қамтамасыз ету сияқты басымдықтарды айрықша атап өтуге болады. Президент қоғамда бір жыл бойы талқыланып жатқан Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты референдумды өткізу күнін белгіледі. Бұл референдум – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының және Әділетті Қазақстан идеясының жүзеге асырылып жатқанының тағы бір айқын дәлелі», - деді мемлекеттік кеңесші.
Жандос Темірғали