Республикалық референдум күні ел бойынша 10 327 сайлау учаскесі ашылады. Бұл туралы Орталық референдум комиссиясының алғашқы отырысында белгілі болды. Комиссия өкілдерінің мәлімдеуінше, үгіт-насихат 4-қазанға дейін жүргізіледі. Ал 6 қазан күні таңғы сағат 7.00-ден кешкі 20.00-ге дейін референдум өтеді. Дауыс беру нәтижелері 7-12 қазан аралығында жарияланады. Елімізде дауыс беру құқығына ие 12 176 968 адам бар.
Нұрлан Әбдіров, ҚР ОСК төрағасы:
АЭС салу немесе оны салудан бас тарту еліміздің болашағына қатысты өте маңызды мәселе. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділ мемлекет, біртұтас ұлт, гүлденген қоғам» атты Қазақстан халқына жолдауында атап көрсеткендей, жалпы халықтық референдум кең ауқымды жалпы ұлттық диалогтің тағы бір көрінісі және халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын іске асырудың жарқын үлгісі болмақ.
Серік Жұмабек