Үкімет Жолдаудағы тапсырмаларды іске асыру жайын талқылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет Жолдаудағы тапсырмаларды іске асыру жайын талқылады

03.09.2024

Үкімет Президенттің Жолдаудағы маңызды міндеттерін орындауға кірісті. Бүгін үкімет басшысы министрлер кабинетін жинап, мемлекет басшысының тапсырмасын көп созбай іске асырудың жоспарларын бекітті. Сол ауқымды міндет бойынша шағын және орта бизнеске қолдау көрсетіліп, экономикалық өсім жеделдеуі керек. Жұрттың әл-ауқатын арттырып, жұмыспен қамту мен инвестиция тарту басты назарда.

Президент Жолдауының іске асуына жауапты Үкіметте қазір қызу қарбалас. Өйткені жүктелген міндеттер өте ауқымды. Президент 2029 жылға қарай бизнестің ел экономикасындағы үлесін 15 пайызға жеткізу керек деді. Ол үшін кәсіпті қолдау жеткіліксіз. Үкімет өңдеу өнеркәсібін дамытуға көп көңіл бөлмек.

Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

Металлургия, мұнай өңдеу және мұнай-газ химиясы, машина жасау, химия салаларындағы 17 серпінді жобаның тізбесі бекітілді. Инвестициялық штаб шеңберінде мониторингі жүзеге асырылатын әрбір жобаны іске асыру бойынша егжей-тегжейлі жоспарлар бекітілді.

Жұртты көгілдір отынмен қамту жұмыстары ширай түседі. Склярдың айтуынша, қазір халықтың 60 пайызы газбен қамтылған. Жыл соңына дейін тағы 300 мың үйге тартылады. 1700 шақырымнан астам газ желісі жаңғыртылады. Оған 194 миллиард теңге көзделген.

Бұдан бөлек, жыл соңына дейін жаңа Бюджет кодексінің жобасы бекітіледі. Құжат бюджеттің тиімділігін арттырып, шығыстарын қысқарта түспек. Әрі Ұлттық қордың шығындарын азайту туралы норма да осы кодекске енгізілмек. Сондай-ақ Үкімет жолдаудағы тапсырмаға сай, фермерлерге субсидия емес, жеңілдетілген кредит беруге біртіндеп көшудің Жол картасын бекітті. Жалпы, шаруаларды жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етуге толық көшу 2028 жылдың соңына жоспарланған.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

Инвестициялық жобаларға жеңілдікпен кредит беру көлемін 800 млрд. теңгеге дейін ұлғайту жоспарлануда. Мемлекет басшысы атап өткендей, фермерлерге сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялаудан жеңілдетілген кредит беруге біртіндеп көшу маңызды міндет болып табылады.Ол үшін нақты іс-шаралар мен мерзімдері бар Жол картасы бекітілді.

Әлеуметтік салада да атқарылар іс көп. Президент ел азаматтарын қолдаудың тиімділігін арттыруды тапсырған еді. Сол үшін келер жылы әлеуметтік әмиян енгізіледі. Онда әр отбасыға әлеуметтік мәртебесіне қарай ұсынылатын барлық мемлекеттік қолдау түрлері болмақ. Бұдан бөлек, осы жылдың соңына дейін медициналық сақтандыру қорын цифрландыру аяқталады. Ал келер жылдың соңына дейін бірыңғай Ұлттық ақпараттық жүйені пайда болады. Білім саласындағы мәселелер де біртіндеп шешімін таппақ. Алдағы үш жылда 1300 мектепті күрделі жөндеу жұмыстарының жоспары 1-желтоқсанға дейін қабылданады.

Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

Мемлекеттік қолдаудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін балаларды тәрбиелеу, оқыту және тамақтандыруға бөлінетін қаражат көлемі мобильді қосымшада немесе ата-аналардың Әлеуметтік әмиянында қызметті нақты алу фактісіне қарай көрсетіліп отыратын болады.

Энергетика саласында да атқарылар іс ауқымды. Қазір елдегі электр станциялары, құбырлар әбден ескірген. Қыс ортасы жарылып, жұрттың дірдектеп қалған кездері көп. Сондықтан Үкімет коммуналдық инфрақұрылымның тозу деңгейін 50 пайызға дейін азайтпақ. Бірақ ол үшін 10 триллион теңге инвестиция қажет. Қаржыны төрт көзден тарту көзделген. Әрі Атом электр станциясын салуға қатысты өтетін референдумға да энергетика министрлігіні ат салысуы керек деді премьер.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Әрбір тармақтың орындалуы қатаң бақылауда болады. Бұл ретте қорытынды нәтижеге, оның экономикаға тиімділігіне баса назар аударылады. Азаматтардың табыс деңгейін арттыру Үкімет жұмысының өзгермейтін басты мақсаты. Кәсіпкерлікті дамыту, халықты жұмыспен қамту үшін қолайлы жағдайлар жасау және мемлекеттік бюджетті ұтымды бөлу айтарлықтай экономикалық өрлеуге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Осы және өзге ауқымды міндеттерді жүзеге асыру үшін Ұлттық экономика министрлігі жалпыұлттық жоспар әзірлеп жатыр. Ол көп ұзамай дайын болуы керек. Сөйтіп осы басты стратегиялық құжат бойынша министрлер мен әкімдер алдағы бір жыл жұмыс істеуі керек. Оны Премьер-Министрдің өзі қатаң бақылайтынын ескертті.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу