Жаңа Салық кодексі 2026 жылы қолданысқа енеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңа Салық кодексі 2026 жылы қолданысқа енеді

03.09.2024

Жаңа Салық кодексі 2026 жылдан бастап қолданысқа енеді. Ал, келер жылдың шілдесіне дейін құжатқа өзгерістер енгізіліп, қабылданады. Бұл жөнінде бүгін Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі мәлім етті. Ал, осы кәсіп саласында табысты еңбек етіп жүрген бизнес өкілдері жаңа салық көдексіне қандай өзгеріс енгізу керек деп санайды?

Вероника Нұрпейісова кәсіпкер. Ол өзін-өзі реттейтін қоғамдық тамақтану ұйымының төрайымы. Верониканың айтуынша, жаңа салық кодексінің жобасы кәсіпкерлер үшін тиімсіз. Мәселен, жылдық табысы 500 млннан – 2 млрд теңгеден асқандар «жеке кәсіпкер» ретінде 10 пайыз, ал заңды тұлға ретінде тіркелсе 20 пайыз салық төлеуге міндетті. Оған 12 пайыз қосымша құн салығын төлейді. Бұл талап кәсіпкерді тығырыққа тіреу деп санайды.

Вероника Нұрпейісова, өзін-өзі реттейтін қоғамдық тамақтану ұйымының төрайымы:

Шағын және орта бизнестегілер 12 пайыз салықты қалай төлейді? Онсызда шығын көп. Онсызда біз табысымыздың 40 пайызын жеткізуге төлейміз. Тамақтану орындарында таза табыс 4-8 пайыздан аспайды. 12 пайызға дейін салық төлеу деген миға сыймайды. Сондықтан, кәсіпкерлерге салықты барынша төөмендету керек.

Ал, кәсіпті бес саусағындай білетін қазіргі мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров жаңа салық кодексі түсініксіз жазылған дейді. Өте шұбалыңқы. Кәсіп бастаймын деген қарапайым адам ол заңды түсінбейді. Сондықтан, түсінікті құжат керек дейді.

Айдарбек Қожаназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Салықтың саны көбейіп кетті. Мөлшері туралы айтып тұрған жоқпын. Тек ғана шаруаға төлейтін салығының өзі 8 түрлі салық төлейді. Ауылды мекенде бухгалтер табу, біз тракторист таба алмай жүрген кезде қалай бухгалтер табамыз.

Бүгін Үкіметте Ұлттық экономика министрі Жолдаудағы тапсырманы іске асыру үшін мына мәселелер пысықталатынын жеткізді. Яғни, жеке табыс салығының сараланған мөлшерлемесі белгіленеді. Салықта жеңілдік көбейеді. Жоспарлы тексеріс деген болмайды. Министр салық кодексі қай күні қабылданатынын да жеткізді.

Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:

Жаңа Салық кодексін 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізе отырып, 2025 жылғы шілдеге дейін қабылдау ұсынылады. Бұл белсенді бұқаралық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге, заңға тәуелді актілерді әзірлеуге және Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерін дайындауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, мамандар елімізде көлеңкелі экономика тамырланғанын айтады. Яғни, кәсібінен түскен табысты салыққа төлеуден жалтарғандар әлі де көп. Мұндай олқылыққа жол бермес үшін барлық мәселелер жаңа салық кодексінде ескерілуі тиіс дейді мамандар.

Самал Қабышева


Хабарламаларға жазылу