Риддер қаласында қазақ гимназиясының оқушылары биыл да орыс мектебімен бірге оқиды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Риддер қаласында қазақ гимназиясының оқушылары биыл да орыс мектебімен бірге оқиды

05.09.2024

Шығыстағы Риддер қаласындағы «Шаңырақ» қазақ гимназиясының оқушылары биыл да нөмірі 11-орыс мектебімен бірге оқиды. Өйткені кеншілер шаһарындағы жалғыз қазақ мектебінің ғимараты 1 жыл бұрын апатты деп танылып, жабылған. «Шаңырақ» гимназиясына бөлек ғимарат салу жөнінде шешім шыққан еді. Алайда жаңа мектептің құрылысы қашан бітетіні белгісіз.

Риддердегі «Шаңырақ» гимназиясының ғимаратына қатысты мәселе бұдан 15 жыл бұрын көтерілсе де, әлі нақты шешімін таппай келеді. Былтырдан бері қысылып-қымтырылып, қазақ пен орыс мектебінің оқушылары бір ғимаратта оқып жатыр.

Ардақ Оралбаева, Риддер қаласының тұрғыны:

Өз басым балаларым таза қазақ мектебінде оқығанын қалаймын. Тек қана мен емес, көп ата-аналар қалайды.

Нұржан Асылханов, Риддер қаласының тұрғыны:

Менің қызым аралас мектепке барып оқиды. Олар бір уақытта жаңа жылда, бір тоқсанда жарты жылдықта таңертең оқиды. Ал ол жаңа жылдан кейін қайтадан ауыстыруға мәжбүр болады. Балаға да ыңғайсыз болады.

Ыңғайсыз болса да шыдауға тура келеді. Өйткені қазақ мектебін жеке оқытатын ыңғайлы ғимарат жоқ. Риддерде 16 орта мектеп бар. Оның үшеуі аралас. Қаладағы 7206 оқушының тек 1193-і ғана мемлекеттік тілде білім алады. Ал биылғы қыркүйек айына бірінші сыныпқа 600 бала тіркелсе, 100 бүлдіршін ғана қазақ мектебіне барады. Он алты мектептің сегізі екі ауысымда оқиды.

Еркебұлан Махтиев, «Шаңырақ» қазақ гимназиясының директоры:

Бірінші сыныпқа 35 бала өтініш берді. Екі сынып комплектация жасап қойдық. Мектебіміздің толық жабдықтары бәрі бар. Кітап, компьютермен толық жабыдықталған. Мұғалімдерде толығымен бәрі бар.

Екі мектеп бір ғимаратқа біріктірілген соң бұған дейін «Шаңырақ» қазақ гимназиясында оқып келген оқушылар қаладағы басқа аралас мектептерге біртіндеп ауысып жатыр. Риддерде қазір екі мектептің құрылысы басталды. Соның бірі «Шаңыраққа» берілмек.

Ерболат Ошақбаев, Риддер қаласы әкімінің орынбасары:

Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі және де «Қазмырыш» ЖШС меморандумға байланысты жобалық-сметалық құжаттардың бәрін дайындап, сараптамаға кіргізіліп, қаражаттың бәрі бөлініп, құрылыстың бәрі енді ғана басталып жатыр. Кішкене ғана шыдам керек сияқты.

Шыдамасқа ата-аналар мен оқушыларда басқа амал жоқ. Ал жаңа мектептің құрылысы келер жылы аяқталады деген жоспар бар.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу