V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына АҚШ-тан ковбойлар келе жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына АҚШ-тан ковбойлар келе жатыр

05.09.2024

Бесінші дүниежүзілік көшпенділер ойындарына ковбойлар да келе жатыр. АҚШ-тың көкпар құрамасы бүгін Вашингтоннан Астанаға аттанды. Мұхиттың арғы жағынан Қазақстанға бет алған америкалық көкпаршылармен сапар алдында сол елдегі меншікті тілшіміз Жалғас Сәдібекұлы тілдескен еді.

Бұл тұрған топты бір қарағанда-ақ, америкалық ковбойлар екенін аңғаруға болады. Кең жиекті бас киім, джинсы шалбар мен былғары етік дәстүрлі батыстық бақташының ғасырлар бойы келе жатқан стилі. Бірақ бұл жігіттер ат үстінен бұғалық тастау үшін емес, ұлы далада кезекті рет атой салып, серкеден салым салу үшін аттанып барады.

Скотт Зиммерман, көкпардан АҚШ-тың ұлттық құрама капитаны:

Біз қыркүйекте ұлы даланы көретінімізге ерекше ризамыз. Білесіз бе, Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары – керемет мүмкіндік және біз америкалықтар ретінде бұл шараны Батыс әлеміне, атап айтқанда америкалықтарға, еуропалықтарға жеткізгіміз келеді.

Ұлттық құрама жеті жыл бұрын жасақталған. Көкпар ойынын интернеттен көріп бірден ұнатып қалған жігіттер жиналып топ құрады. Бірақ америкалық аттар Орталық Азиядағы секілді ерекше төзімді, епті көкпар аттарындай мықты емес дейді өздері. Содан болар көкпаршы Ник Уиллерт осы додаға әзірлігін пысықтау үшін серке орнына гір тасын көтеріп, көкпар атын ағаш атқа ауыстырған.

Лад Хауол, көкпаршы:

Мен америкалықтарға көкпарды біздің родео спортына ұқсайды деп түсіндіремін. Десе де, бұл ойынның 3000 жылдық тарихы бар, тіпті одан да терең болуы мүмкін. Бұл – халықаралық тіл, ол бізді біріктіреді. Сондықтан біз ковбойлар осы спортты және мәдениетті ұнатамыз.

Америкалықтар Астанаға ойындардан бірнеше күн бұрын жол тартты. Қазақстан тарапы ұсынған көкпар аттармен бір-екі күн жаттығу жасап, қайсысын шабуылдаушы және қайсысын қорғаныс үшін пайдаланатынын анықтап алмақ.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу