Жүргізуші куәлігінің берілуі қатаң қадағалауға алынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жүргізуші куәлігінің берілуі қатаң қадағалауға алынады

05.09.2024

Биыл елімізде 1300 адам көлік апатынан қайтыс болған. Оған жол сапасы, жүргізушілердің жіберген олқылығы себеп. Апаттың алдын алу үшін жүргізуші куәлігінің берілуі қатаң қадағалауға алынады. Бұл туралы Мемлекет басшысы ел халқына Жолдауында айтқан еді. Жалпы, құжат алу бойынша заңсыздықпен күрес қалай жүріп жатыр? Заңды куәлікті алу үшін қанша уақыт, қаражат жұмсау керек? Аида Ахметбек рет-ретімен. 

Жүргізуші куәлігін сатып алу жол апаттарына әкеледі, оны мен жүз пайыз айта аламын. Сіз 14, 10 жастан көлік айдап келе жатырмын десеңіз де, қаланың гавариттерін түсіну қиын. Ал оқытатын жерлер қалаға шығып, көлікті айдатып үйретеді.

Соңғы 3 жылда 60 мың жүргізуші куәлігі сатылған. Бұл жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ақпараты. Заңсыз сатып алғандар 590 мың теңге көлемінде айыппұл арқалап, кейбірі 40 күн қамауға алынды. Алайда заңбұзушылық азаймай керсінше, құжаттың қара нарықтағы бағасы күннен-күнге өсіп барады. Осылай деген депутат Наурыз Сайлаубай мәселені Парламент қабырғасында көтермек.

Наурыз Сайлаубай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Осыдан 5-6 жыл бұрын 40 мың, 60 мың болса, қазір 300 мыңға жуықтаған шығар деп отырмын. Себебі сол жердегі көмекшілер көмектесіп заңсыз азаматтарға куәлік алып беріп жатыр. Соның кесірінен көп азаматтар көлік апатынан қайтыс болып жатыр. Енді біз мына оң жақ рульдегі автокөліктерге немесе тағы да айтып кеткендей жолдың сапасыздығына жаба бермеуіміз керек.

Елде жүргізуші куәлігін заңсыз саудалағандар мен сатып алушылармен де күрес жүргізіліп-ақ жатыр. Мәселен, енді құжатты алу үшін міндетті түрде автомектептен білім алуыңыз керек. Өздігінен тестке дайындалуға рұқсат жоқ. Жалпы жүргізуші куәлігін алу үшін қанша уақыт керек? Оқу бағдарламасы үшін қанша қаражат жұмсаймыз? Бүге-шүгесіне дейін түсіндіреміз. Ол үшін елордадағы автомектептердің біріне келдік.

Әділет Жүнісов, көлік мектебінің оқытушысы:

Ең бастысы көлік мектебіне келгенде жеке куәлік керек болады, орташа 50-60-70 мың аралығында болады. Тіркелген соң 2,5 ай оқисыз. Осы уақытта теорияны да, практиканы да меңгересіз.

Көлік мектебінің мамандары таңдаған автомектептің сертификаты бар-жоғын курсант.кз сайтынан тексеріп алу керектігін айтады. Тестен өтпес бұрын, теориялық білімнен бөлек, тәжірибе жүзінде темір тұлпарды меңгеріп алуыңыз керек.

Әділет Жүнісов, көлік мектебінің оқытушысы:

Тоқта сызығынан өткен соң, бұрылыс көрсеткішін өшіріңіз. Бірінші жаттығу аяқталды. Мұнда 10 жаттығу 2 минуттан беріледі, бас-аяғы 20 минут.

Көлік мектебінде аптасына кемі 3 рет білім аласыз. Сертификат берілген соң, тест тапсыруға рұқсат етіледі. Сынақтан мүдірмей өтсеңіз, заңды құжатыңыз қолыңызға табысталып, темір тұлпар тізгіндеуге толық құқығыңыз болады.


Аида Ахметбек

Хабарламаларға жазылу