Жетісу облысында кәсіптік сала бойынша жаңа мамандықтар ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысында кәсіптік сала бойынша жаңа мамандықтар ашылды

06.09.2024

Жетісу облысында биыл орта кәсіптік білім беретін мекемелерде жаңадан 13 мамандық ашылды. Олардың қатарында өңірге қажет деген газ құбырының слесарі, қант өндіру операторы, су шаруашылығының маманы, саяхат жүргізуші сияқты факультеттер бар.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында тек жоғарғы оқу орындары ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері де білікті кадрлар даярлауы қажет екенін айтып, Үкімет колледжде жақсы оқыған түлектерді мамандығы бойынша мемлекеттік қызметке алу мүмкіндігін қарастыруды тапсырған.

Жер жаннаты Жетісуда су маманы да үлкен сұранысқа ие. Сондықтан биыл Көксу политехникалық колледжінде су шаруашылығына қажет мамандық оқытыла бастады. Су тапшылығы жылдан жылға артып келе жатқанын болашақ кәсіп иелері де іштей сезіп отыр.

Мадияр Сейітбетқалов, студент:

Қазіргі кезде бізде каналдар совет одағынан бері орнатқан. Білесіздер. Ескірген каналдар бар. Мамандықтар өте қажет. Көп мамандар пенсияға шығып кетті, зейнетке қазақша айтқанда. Сондықтан өте қажет мамандық деп ойлаймын.

Қазір бұл колледжде 6 мамандық бойынша 300-ге жуық студент білім алуда. Негізгі басымдық ауылшаруашылығы саласына берілген. Биыл шәкіртақы өсіп, жұмысшы мамандыққа оқуға келгендерге жатақхана мен үш уақыт тамағы да тегін ұсынылып отыр.

Еркебұлан Еркіндікұлы, студент:

Ағаларым, әкем жер шаруашылығымен айналысады. Шабындық, жүгері дегендей. Сол мен енді трактор мінбей ғана емес, барлық жағынан жөндеп, сол жағынан білсем бе деп ойлаймын. Өз арманым солай.

Бұл оқу орны келесі жылы тағы да сұранысқа ие жылыжай шаруашылығының мамандарын дайындауды жоспарлап отыр. Ал биыл өңірдің 11 колледжінде 13 жаңа мамандық ашылды.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Қай салада болмасын жұмысшы мамандықтың кез келгені қазір үлкен сұраныста. Мейлі сен комбайн жүргізетін механизатор бол. Мейлі газоэлектрлі дәнекерлеуші бол. Ауылда да, қалада да жұмысшы мамандықтар өте қажет.

Мемлекет басшысы биылғы жолдауында колледж дипломымен де білікті мамандарды мемлекеттік қызметке алу мәселесін көтерді. Ал келер жыл «Жұмысшы мамандық жылы» деп белгіленбек.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу