Өзбекстанда әлеуметтік ахуалды нығайту орталығы құрылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстанда әлеуметтік ахуалды нығайту орталығы құрылды

06.09.2024

Өзбекстанда қыркүйектен бастап зейнетақы мен жәрдемақының мөлшері 15%-ға өсті. Ал 1-ші қазаннан барлық саладағы еңбеккерлердің жалақысын ұлғайту жоспарланып отыр. Зейнетақының ең төменгі мөлшері – 834 000 сум, мүгедектердің алатын жәрдемақысы 920 000 сумды құрайды.

Жалпы елде тұрмысы төмен азаматтарды қолдау ісін жан жақты жетілдіруге нақты қадам жасалып келеді. Оның бір дәлелі Өзбекстанда тұңғыш рет жергілікті қауымдастықтар мен әлеуметтік әл-ауқатты нығайту орталығы құрылды.

Бұл халықты әлеуметтік қорғау агенттігі мен ЮНИСЕФ-тің және Колумбия университетінің бірлескен жобасы. Орталықтың мақсаты - әлеуметтік аз қамтылған топқа көрсетілетін жәрдемді күшейту, жұмысты барынша ілгерілету. Әсіресе балаларды қорғау, отбасы институтын нығайту жолында еңбек ететін сала мамандарын даярлау басты назарда.

Сардор Мусаев, Жергілікті қауымдастықтар мен әлеуметтік әл-ауқатты нығайту орталығының басшысы:

Жұмыс негізінен кадрларды қайта даярлау, біліктілігін арттыру бағытында жүргізіледі. Персоналды кәсіби бағытта дамытуға күш саламыз. Әлеуметтік мәселелер бойынша озық тәжірибелі Колумбия университетінің әдістемесі негізінде кадрлар білімін жетілдіреді. Осының арқасында қызмет көрсету сапасы артады деген сенім бар.

Базаркүл Отыншиева


Хабарламаларға жазылу