Енді банк қызметкерлері мерзімі өткен несие бойынша, борышкерлерге рұқсат етілген уақытта ғана қоңырау шалуы тиіс. Бұл ақпарат «Ашық» порталында жарияланды.
Банк қызметкерлері борышкерлерге жұмыс күндері сағат таңғы сегізден, кешкі тоғызға дейінгі уақытта, үш реттен артық хабарласуына болмайды. Ал демалыс және мереке күндері таңғы тоғыздан, кешкі жетіге дейін, екі рет қана хабарласа алады.
Сондай-ақ, қоңырау шалушы өзін таныстырып, қай ұйымнан хабарласып жатқанын айтуға міндетті. Ал қаржы ұйымының өкіліне «тұтынушының ар-намысына, іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді таратуға» тыйым салынады.
Осы ретте заңгер Ғабит Өмірбек кейде банк мамандары қызметтерін асыра пайдаланады, сондықтан жаңа талаптың орынды екенін айтып отыр.
Ғабит Өмірбек, заңгер:
Сол тәртіпті, ережені сақтанатын болса, біздің адамдарда бөтен адам хабарласып қалса, өзі біліп тұрады. Сіз банктік құпияны ашып жатырсыз, сіз неге маған көп хабарласып, мазалап жатырсыз деп біздің адамдарға үйреншікті нәрсе болады. Біздің қоғам қазір үйреніп кеткен. Банк те, сот орындаушы да, коллектор да хабарласып жатады. Сол үшін алаяқтар да соны қолданып, өздерінің заңсыз іс-әрекеттерін жүзеге асырып жатыр. Сондықтан, мен бұл заңды қолдаймын.
Айдана Қуантхан