Астанада «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары марапатталды

06.09.2024

Бүгін «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Астана төрінде өткен салтанатты іс-шарада 20 үздік отбасы қызыл кілеммен жүріп өтті.

Он жыл ішінде бұл жоба отбасылық құндылықтарды дәріптейтін бірегей жарыстардың біріне айналды. Биыл республика бойынша 3 мың 369 отбасы бақ сынаған. Алайда, 49 бала асырап отырған қостанайлық Шукуровтар бір отбасының 26 мүшесі теміржол саласында еңбек ететін алматылық Қапышевтар әулеті сияқты қатысушылар үздік атанды. Жеңімпаз отбасыларға арнайы дипломдармен қоса 1 млн теңгелік сыйақы табысталды. Қазақстанның барлық өңірінен жиналған жеңімпаздарды Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының атынан құттықтады.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев отбасы әлеуетін көтеруге, ана мен баланы қорғауға, қоғамда дұрыс құндылықтарды дәріптеуге айырықша мән беріп келеді. Мемлекет басшысы жуырда Қазақстан халқына Жолдауында осы мәселелерге тағы да баса назар аударды.
Нұрқасым Хасенов, жеңімпаз отбасының отағасы:
 Біз Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданынан келіп отырмыз.  «Мерейлі отбасыға біздің ата-анамыз қатысқан болатын. Енді, міне, өзіміз де есейіп, сол ата-анамыздың жолын қуып,  үздік отбасылардың қатарына кіріп отырғанымызға өте қуаныштымыз.  


Хабарламаларға жазылу