Жаңаөзенде «Болашақ сарайының» іргетасы қаланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңаөзенде «Болашақ сарайының» іргетасы қаланды

09.09.2024

Жаңаөзен қаласында «Болашақ Сарайы» атауымен оқушылар сарайының іргетасы қаланды. Жаңа ғимарат «Өзенмұнайгаз» компаниясының қаржысына салынады. Шараға Маңғыстау облысының әкімі, парламент депутаттары және «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының басшылары қатысты.

«Болашақ сарайы» қаланың сәулетіне көрік беретін ерекше ғимараттардың бірі болмақ. Балалар шығармашылығын дамытуға арналған кешен 350 оқушыға лайықтылған. Жасөспірімдердің қабілет-қарымын дамытып, ой-өрісін арттыратын бірегей орталықта түрлі үйірмелер жұмыс істейтін болады.

Нұрдәулет Қилыбай, Маңғыстау облысының әкімі:

Бізді қолдаған «ҚазМұнайГаз», «ӨзенМұнайГаз» басшылығына рақмет айтамыз. Жасөспірімдер біліктілігін арттырады. Жаңаөзеннің жасөспірімдері бәсеке болатындай күнге куә болайық. Тағы да құтты болсын.

Асхат Хасенов, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы:

Біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен өңірге келіп жатырмыз. Басты мақсат бізге тапсырған оқушылар сарайының құрылысын бастау. Бүгін енді салтанатты шарада өздеріңіз куәгер болып жатсыздар. Бүгін депутаттар келді: мәжіліс, сенат, облыс басшылығы. Құрылыс мердігер мекемесі айқындалып, бүгін іргетасын салып жатырмыз.

Құрылыс нысанының ескерткіш тақтасын көпшлікке Жаңаөзеннің дарынды оқушылары ашып берді. Қазақ мұнайы өнеркәсібінің 125 жылдық және «ӨзенМұнайГаздың» 60 жылдық мерейтойы қарсаңында өткен жиынға ардагер мұнайшылар да қатысты.

Гүлбарам Тоқпанова, ардагер-ұстаз:

Бүгінгі күн қаламызда үлкен мерекелік шара. Қазақ мұнайының 125 жылдық және «ӨзенМұнайГаз» АҚ-ның 60 жылдық мерейтойына орай қаламызда үлкен іс атқарылғалы тұр. Бұл оқушылардың – болашақ сарайы. Соның іргетасы қаланғалы тұр.

Сарайдың жалпы ауданы 3 мың шаршы метр. Жоспар бойынша ғимарат 2025 жылдың желтоқсан айында ел игілігіне беріледі. «Болашақ Сарайы» өнер мен білімге құштар келешек ұрпақтың руханият ордасына айналуы тиіс.


Ғабит Ұзақбай


Хабарламаларға жазылу