АЭС салудағы қауіпсіздік талаптары қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АЭС салудағы қауіпсіздік талаптары қандай?

09.09.2024

Атом электр станциясының қауіпсіздігіне бүкіл әлем мүдделі. Ядролық энергетика саласындағы халықаралық сарапшылар пікірі осындай. Сонымен қазіргі атом электр станцияларындағы қауіпсіздік талаптары қандай?

Атом электр станциясы бүгінде әлемнің 31 елінде бар. Жалпы алғанда 400-ден астам реактор жұмыс істейді. Тағы 50 нысан салынып жатыр. Ал ең қуатты АЭС – АҚШ, Франция, Қытай, Жапония секілді алпауыт елдерде орналасқан. Ал оны салудағы ең басты мәселе, әрине қауіпсіздік. Қазіргі станциялар барлық халықаралық стандарттарға сай, түрлі техногенді және экстремалды жағдайларды ескеріп салынған дейді сарапшылар.

Атап айтқанда, 8 балдық жер сілкінісіне, цунами деңгейіндегі апаттарға, алып ұшақтың құлауына және басқа да табиғи құбылыстарға төтеп беретіндей қауіпсіздік талаптары қойылады. Тағы бір айта кетерлігі, заманауи технологиямен салынған АЭС-тегі апат ықтималдығы 10 млн жылда біреу ғана. Ал бүгінде еліміздің басым бөлігін электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған көмір станцияларында қауіп одан 80 есе жоғары. Тағы ескеретін жайт, бүгінде әлемде жұмыс істеп тұрған реакторлардың әрбірінің жұмысы қатаң бақылауда. Оны МАГАТЭ және WANO секілді беделді ұйымдар қадағалайды. Халықаралық бақылаушылар станцияны пайдалануға бермей тұрып оның қауіпсіздігін мұқият тексереді. Яғни, құжат әзірлеуден бастап, нысанның салынатын орны, тиісті инфрақұрылымның жеткізілуі сынды талаптар зерделенеді.


Айя Мүтәлі


Хабарламаларға жазылу