Бүгін Көшпенділер ойындарының үшінші күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін Көшпенділер ойындарының үшінші күні

10.09.2024

Бүгін Көшпенділер ойындарының үшінші күні. Байрақты бәсеке тартысты өтіп жатыр. Қазір әріптесім Қаракөз Тұрмағанбет «Алау» мұз айдыны сарайынан тікелей байланысқа шығып тұр.

Қаракөз Тұрмағанбет, тілші:

Иә, Альбина, мұнда қазір түскі үзіліс. Жарыстардың іріктеу кезеңдері мен жартылай финалдық ойындары жаңа аяқталды. Асық атудан А тобында Қазақстан құрамасы көш бастап келеді. В тобында Қырғызстан алда. Жалпы асық атудан Испания, Мажарстан, Чехия елдерінің спортшылары да бақ сынап жатыр. Ал әйелдер бес асықта сынға түсіп жатыр. Швеция, Румыния сияқты елдердің де бес асық ойынына қызығушылығы жоғары екенін байқадым. Швецияда тұратын 63 жастағы қазақ ойыншысымен тілдестім. Ол да осы бес асықта бақ сынауға келген екен. Мас-рестлинг пен кураш сайыстары тартысты өтіп жатыр. Мас-рестлингте әлемнің 33 елінен келген спортшылар кешелі бері күш сынап келеді. Олардың арасында Ботсвана, Гана, Мадагаскар, Ангола, Эфиопия сияқты Африка елдерінен келген қатысушылар да бар екенін айта кетейік. Мас-рестлинг, қарапайым тілмен айтқанда, таяқ тартыста әзірге Иран, Бразилия, Ресей, Қазақстан және Қырғызстан үздік бестікте. Ал өзбек халқының ұлттық бәсекесі курашта Өзбек ағайындар көш басында. Күрестің бұл түрінде кешелі бері 27 елдің балуандары белдесіп жатыр.

Қаракөз Тұрмағанбет

Хабарламаларға жазылу