Президент Қостанайдағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен де танысты. Жақында пайдалануға берілген дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде тұрғындар спорттың шағын футбол, баскетбол, волейбол және үстел теннисі сияқты түрлерімен емін-еркін айналыса алады. Мұнда жаттығу және хореография залдары да бар. Ерекше қажеттілігі бар жандарға тиісті жағдай жасалған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қосымша спорт нысандарын салу керек. Мұндай қалаға көп бейінді сарайдың кемінде екеуі қажет.
Оқушылар IQostanay smart орталығында 24 үйірмеге тегін қатысады
Бұдан соң Мемлекет басшысы балаларға арналған IQostanay smart орталығын аралап көрді. Мұнда екі мыңға жуық оқушы сабағынан тыс уақытта 24 үйірмеге қатысады. Оның ішінде киберспорт, инженерия, авиамодельдеу кабинеттері, жаңартылатын энергия көздері, химия және физика зертханалары бар. Оқушылар сарайында мәжіліс залы мен хореография кабинеті де жұмыс істейді.
Данияр Қайыртайұлы