Павлодар облысында астықтың 25 пайызы ғана орылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысында астықтың 25 пайызы ғана орылды

11.09.2024

Енді бір он күннен соң Павлодар облысында жылдағы дәстүр бойынша егін орағы аяқталуы тиіс. Алайда қазір астықтың 25 пайызы ғана орылды. Себебі соңғы екі аптадан бері жауын тоқтамай тұр. Шаруалар қажетті техника мен комбайндарды егін алқаптарының басына иіріп қойып, мүмкіндік туа қалған жағдайда күн-түн демей кірісуге әзір. Себебі ылғал мол түскендіктен піскен егіннің астынан тағыда дән көктеп шығып жатыр. Бұл астықтықтың сапасына кері әсерін тигізеді. Жасыл араласқан дән ұн тартуға жарамайды. Тек мал азығына ғана пайдаланылады.

Есентай Мүрсәлімов, ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

Элеваторларға не бары 6,5 мың тонна бидай түсті. Ылғалдылығы 18-20 пайыз. Оны кептіру керек. Бұл қосымша шығын. Жауынның кесірінен егін өнімділігі азайып барады. Басында гектарына 12 центнерден жиналса, қазір 11 центнерге түсті.

Былтыр гектар өнімділігі 4,4 центнер болса, биыл егін үш есе бітік шықты. Бірақ бәрі күн райына тіреліп тұр. Мәселен, картоптың отаны саналатын аймақ диқандары өнімнің 20 пайызын ғана алып үлгерген. Көкөністің 25 пайызы жиналды. Диқандар енді боз қырау түсіп, өнімді үсік шалмаса екен деп алаңдап отыр.


Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу