Бәйге бәсекесі 13 қыркүйек күні «Qazsport» телеарнасынан көрсетіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бәйге бәсекесі 13 қыркүйек күні «Qazsport» телеарнасынан көрсетіледі

11.09.2024

Түркі әлемі көз тіккен спорттың бірі – бәйге. Бауырлас халықтар тақым қысып, телеарналарға телміріп отыр. Көрерменге жоғары сапалы тікелей эфир ұсыну үшін «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы Ұлыбританиядан білікті маманды арнайы шақыртты.

Бәйге бәсекесі. Жарысқа қатысатын ұшқыр және аламан сәйгүліктердің шабысын кадрда көрсету оңай емес. Делебесі қозған жанкүйерлердің көңілін қалдыруға болмайды. Сол себепті «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы арнайы шақыруымен келген спорт режиссері, ұлыбританиялық Джонатан Эдвардс тікелей трансляцияда жұмыс істеп жатыр. 20 жылдық тәжірибесі бар креативті маман түсірген эфир халықаралық сигнал арқылы түркі тілдес елдеріне көрсетіледі. Джонатан Эдвардс қазақстандық сәйгүлік «Кабирхан» қатысқан Дубайдағы «Al Maktoum Challenge» турниріне режиссерлік еткен.

Джонатан Эдвардс, халықаралық спорт режиссері (Лондон):

Мен әлем бойынша ат спорты жарыстарын мен Формула сияқты автомобиль жарыстардан тікелей трансляцияларын өткіздім. Қандай шара болмасын барлығының жауапкершілігі зор. Әрбір іс-шарада ең маңызды нәрсе – жарыстың қалай қарқынды өтіп жатқанын қаз-қалпында көрсету. Тек солай көрерменді қызықтыра аласыз. Қауіпсіздік мәселесі де маңызды. Яғни сәйгүлік те, шабандоз да және түсірілім операторы да зардап шекпеуі тиіс. Содан кейін ғана сол жердегі көрініске мән бересіз.

Техникалық бөлім, түсірілім өтетін орын. Шығармашылық топ алдағы тікелей трансляция процесін пысықтап жатыр.

Джонатан Эдвардс, халықаралық спорт режиссері (Лондон):

Біз қазір түсірілімге ерекше ұқыптылықпен және тыңғылықты жоспарлар құрып дайындалып жатырмыз. Бұл іс-шараны жоғары деңгейде көрсету үшін қолдан келгенін жасаймыз. Телеарнаның мамандары өз ісінің шеберлері, бірігіп жемісті жұмыс атқаратынымызға сенімдімін.

Спорт бойынша сайыстың бәрін салалық арна «Qazsport» көзден таса қылған емес. Алайда бұл жолғы жарыстың деңгейі бөлек. Джонатан Эдвардсқа жауапкершілік жүктеумен бірге телеарна ұжымы тәжірибе де жинақтап алмақ.

Нағи Бақытбек, «Qazsport» телеарнасының директоры:

Ол кісі қазір біздің шығармашылық топпен бірге дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. 13 қыркүйек күнгі бәйгені тікелей эфирде түсіріп, елімізге, халықаралық сигналға кететін жарысты жоғары деңгейде көрсетеді деген ойдамыз. Жалпы біздің режиссерларымызға, техникалық қызметкерлерімізге, операторларымызға ол кісімен жұмыс жасау үлкен септігін тигізеді және де бір үлкен тәжірибе деп ойлаймын.

Ал тәжірибелі шетелдік маман ұйымдастыратын сәйгүліктер бәйгесі «Qazsport» телеарнасынан 13 қыркүйек күні Астана уақытымен сағат 11:00-ден бастап тікелей эфирде көрсетіледі.


Ақмаржан Ғафизқызы

Хабарламаларға жазылу