Оқушылардың қатарластарына жәбір көрсеткен бейнежазбасы тарады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оқушылардың қатарластарына жәбір көрсеткен бейнежазбасы тарады

11.09.2024

Мектепте әлімжеттік көрсеткені үшін 1700 бала арнайы тіркеуде тұр. Бүгін Мәжіліс депутаттары жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу үшін ерте жастан жауапқа тартуды ұсынды. Себебі, жазадан сытылып кеткен бала әскердегі өлім-жітімге себеп болуы мүмкін, дейді олар. Мектептегі зорлық-зомбылық жағдайлары бойынша Айя Мүтәлі тарқатады.

Бұл – Елорда мектептерінің бірінде болған оқиға. Бейнежазбада оқушылардың өзге баланы бетінен соғып, тепкінің астына алған сәттері анық көрінеді. Қазір мән-жай анықталып жатыр.

Диас Тоқатов, Алматы ауданы ПБ басшысы: 

Төбелеске қатысқан барлық мектеп оқушылары профилактикалық есепке алынды. Педагогтардың жауапкершілігі туралы мәселе қарастырылуда.

Депутат жасөспірімдерді 12 жастан қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынды

Бүгінде құрдастарына әлімжеттік көрсеткені үшін 1700 бала арнайы тіркеуге алынған. Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов мұның салдары неге әкеліп соғатынын түсіну үшін жасөспірімдерді 12 жастан бастап жазаға тарту қажет деп отыр. Ал қазіргі заң бойынша 14 жастан кіші балаға қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаған. Депутат әскердегі ұрып-соғу да мектептегі буллингтен басталады дейді.

Магеррам Магеррамов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Біз Ұлыбритания, Жапония сынды елдердің тәжірибесіне сүйенуіміз керек. Жапонияда ересектердің жауапкершілігін арттыру үшін арнайы зорлық-зомбылықпен күрес бойынша кеңес құрылған. Онда педагогтер әрбір буллинг жағдайына жеке назар аударып, мұқият тексеруге міндетті. Сондай-ақ, психологтармен жүйелі жұмыс жасалады.

Кәмелетке толмағандар арасында есірткі саудалайтындар да азаймай тұр. Биылдың өзінде 30 бала ұсталған. Оның ішінде 14 жастағы оқушылар да бар.

Айя Мүтәлі, тілші:

Құқық қорғау органдары бүгін ата-анаға үндеу жасады. Әсіресе баланың интернет ресурстарын ұдайы тексеріп отыру қажет. Егер жасөспірімнен үнемі дәрі-дәрмек, фольга сияқты қамтамаға оралған күдікті затты байқасаңыз, мұқият болған абзал. Сабақ үлгерімі нашарлап, жиі қымбат зат сатып алатындарды да байқау қажет.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу