Көкпардан Қазақстан құрамасы чемпион атанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкпардан Қазақстан құрамасы чемпион атанды

12.09.2024

Бесінші дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында өткен көкпардан жарыс аяқталды. Нағыз Ұлы дала дүбірі Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы финалдық кездесуде сезілді. Қарсыластар бұрыннан таныс. Кездесу тартысты өтті. Тіпті жеңімпазды анықтауға қосымша уақыт керек болды. Бір салыммен жеңісті Ұлттық құрама жұлып әкетті. Эмоцияға толы ойынды көппен бірге  Асылбек Данияр да көріп қайтты.

Серке ортада, ойын басталды. Көк жейдеде – Қазақстан, қызыл киімдегі – Қырғызстан құрамасы. Ә дегеннен-ақ жарыстың екінші минутында алғашқы салымды Ұлттық құрама сапындағы сақа ойыншы Ернат Мәлімбай салды.

Бір ұпай Көшпенділер ойындарының үш дүркін чемпионы қырғыз құрамасының намысын жаныса керек, бірінші тайм аяқталғанша қазақстандық шабандоздарға қарсы шығып қатарынан 3 салым салды. Әрине, бұрыннан таныс қарсыластар жеңісті оңай бергісі келмеді. 1:3 есебімен бірінші кезең аяқталды.

Финалдық бәсекені көруге Мемлекет басшысының көмекшісі Руслан Желдібай, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек арнайы келді. Ұлттық құрамаға қолдау көрсетіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Ойынды тамашалауға келген жұрттың қарасы қалың. Ипподромда ине шаншар жер болмады. Жанкүйерлер де белсенді. Қай команда жеңсе, де ризамыз, десті.

Шешуші екінші таймды қазақстандық шабандоздар сенімді бастады. Бас бапкермен кеңескен соң, белсенді ойын өрнегін көрсетіп, алғашқы үшінші минутта көкпаршыларымыз есеп айырмасын қысқартты. Салым авторы – Абылайхан Нышанбек. Артынша, команда капитаны Құрманбек Тұрғанбек есепті теңестірді.

Ойынның он екінші минутында Абылайхан Нышанбек дубль жасап, құраманы 4:3 есебімен алға шығарды. Алайда соңғы секундтарда қырғызстандық шабандоздар есепті теңестірді. Көкпар алтын салымға жалғасты. 10 минуттың ішінде салымды бірінші болып салған, ұлттық құрама камбэк жасап, 5:4 есебімен жеңіске жетті.

Абылайхан Нышанбек, Көкпардан ұлттық құрама ойыншысы:

Халықтың қолдауына рахмет. Жеңісті күндеріміз көп болсын.

Айтпақшы, ойынның тартысты болғаны соншалық делебесі қозған спортшылар арасында түсінбеушілік те болып жатты.

Нұрхан, Қырғызстаннан келген көрермен:

Көкпар ойыны ерекше өтті, Қазақстан-Қырғызстан арасындағы ойын достығымызды бекемдеген кездесу болды деп айта аламын. Өйткені, екі елдің ынтымағын спорт бекемдейді. Көшпенділер ойыны дами түссін. Қазақ-қырғыз бір туған.

Құрманбек Тұрғанбек, Көкпардан ұлттық құрама капитаны:

Алтын салымға шаптық өздеріңіз көргендей. Алтын салым иегері болып қазақ еліне жеңіс сыйладық. Төртінші дүниежүзілік көшпенділер ойынында да дәл солай болған Түркия елінде. Алтын салым салған едім. Ойын барысы өте қызықты болды. Қырғыз бауырларымызға осындай керемет ойын көрсеткені үшін көп рахмет.

Ойын нәтижесіне қос елдің жанкүйерлері де дән риза. Олар ойын біткен соң бір-біріне қошемет көрсетіп, жеңісті бірге атап өтті. Айта кетейік көкпардан үшінші орын алған Ресей құрамасы 4 миллион, күміс жүлдегер қырғыз шабандоздарына 6 миллион, чемпион болған Ұлттық құрама көкпаршыларына 10 миллион теңге табысталды. Сонымен бірге Қырғызстан сапындағы Манас Ниязов үздік ойыншы атанып, 2 миллион теңгенің иегері болды.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу