Тұңғыш көлік тоннелі ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тұңғыш көлік тоннелі ашылды

12.09.2024

Бүгін еліміздегі тұңғыш жерасты тоннелі ашылды. Түркістан мен Жамбыл облыстарын жалғайтын өткелдің ұзындығы 840 метр. Енді Батыс Қытай-Батыс Еуропа көлік дәлізімен жүретін жүргізушілер үшін қатынас жеңілдейді. 

Шақпақ баба асуына салынған екі жолақты өткелмен тәулігіне 20 мыңға жуық көлік өтеді. Бұған дейін көлік жүргізушілері ауыл іргесіндегі тар жолмен әрең қатынап келген болса, енді жерасты тоннелінің арқасында жол азабынан құтылмақ.
Николай Дернов, жүргізуші:
Шақпақ баба ауылындағы жол тым қолайсыз әрі бір жолақты. Оның үстіне ауылдың ішінен өткен соң, жүру қиындық туғызатын. Ал қыста ол жол жабылып, төрт күнге дейін тұрған кездеріміз болды. Енді мұндай қиындықтар болмайды деп үміттенеміз.
Жерасты өткелдің ені 11, биіктігі 8 метр. Құрылысына 10 млрд теңге қаражат жұмсалды. Он жыл бұрын басталған құрылыс әу баста ирандық компанияға жүктелді. Кейін пандемияның кесірінен жұмыс тоқтап, іс басына әзірбайжандық компания келді. Сөйтіп сағызша созылған нысанның құрылысы биыл аяқталды.
Сәтжан Аблалиев, ҚР Көлік министрінің орынбасары:
Бұл жолмен еңістігі көліктердің жоғары шығу биіктігі 45 метрге дейін. Үлкен ойық болғаннан кейін оны қыста боран болған жағдайда басып қалу қаупі болатын. Енді сол кедергілер болмайды.
Жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тоннельдің екі қапталы жарық және дабыл құрылғыларымен жабдықталып, диспетчерлік пункттер салынған.
Бауыржан Оспан, диспетчер-оператор:
Видеобақылау арқылы тоннельдің ішінде не болып жатқанын бақылап отырамыз. Ішінде авария, өрт болып, көлік қозғалысы тоқтап қалуы мүмкін. Соны тәулік бойы бақылап отырамыз.
Өткел қыста қатты боран болса ғана жабылуы мүмкін. Өйткені, ат құлағы көрінбейтін қарлы бұрқасында жүру аса қауіпті, дейді мамандар.

Айнұр Әбілқасымқызы

Хабарламаларға жазылу