Бүгін – Қазақ киносының күні. Осыдан тура 90 жыл бұрын алғашқы кинохроника өмірге келді. Ал, 1941 жылы тұңғыш қазақ дыбыстық «Амангелді» фильмі түсірілді. Бүгінгі мерейтойды киногерлер Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында атап өтті. Мерекелік шара аясында «Жұлдыздар аллеясы» жаңа есімдермен толықты.
Бұл тарихи кадрлар осыдан 87 жыл бұрын таспаланған. «Амангелді» фильмінен кейін ғасырға жуық уақытта қазақ киносының қоржыны талай туындымен толықты. «Қaзaқфильмнің» қaлыптacып, өркен жaюына Шәкен Айманов бастаған кино майталмандарының қосқан үлесі мол, - дейді көзін көргендер.
Асанәлі Әшімов, актер, Қазақстанның еңбек ері:
70-80 жылдары қазақ киносының дәуірлеген, өркендеген алтын ғасыры болды. Біздің ұлы режиссерларымыз Шәкеннен бастап Сұлтан, Мәжит сияқты үлкен режиссерларымыз үлкен-үлкен еңбектер жасады.
Мерейлі күнге орай «Жұлдыздар аллеясы» 4 жаңа есіммен толықты. Кино саласына қосқан елеулі еңбегі үшін атақты композитор Нұрғиса Тілендиевке, актер Қасым Жәкібаевқа, суретші Ыдырыс Қарсақбаев және режиссер Аяған Шәжімбаевқа ескерткіш тақта орнатылды.
Нұржұман Ықтымбаев, актер, Қазақстанның Халық әртісі:
90 жылда қазақ халқының төлқұжаты. «Қазақфильм» деген. Барлық әдет-ғұрып, дәстүріміз ұлтымыздың қандай адамдар екенін бәрін көрсететін. Қазақ киносының ішінде жүрген азаматтардың бәрін осы мейраммен құттықтаймын.
Айдар Омаров, «Қазақфильм» АҚ ұлттық киностудиясы президентінің міндетін атқарушы:
«Қазақфильм» 90 жыл ішінде көременге тек сапалы туындылар ұсынып келеді. Әзірге Қазақстанда және жақын шетелдерде мұндай балама киностудия жоқ. Себебі, бұл жерде фильмнің идеясынан бастап экраннан көрсетілгенге дейінгі жұмыстардың барлығын жасауға мүмкіндік бар. Реквизиттер қоры да мол.
Мәдени oртa 1934 жылы Aлмaты кинoхрoникa cтудияcы ретінде ашылған болатын. Ал, киностудия 1941 жылдың 12 қыркүйек күні құрылды. 1960 жылы атауы «Қазақфильм» киностудиясы деп өзгертіліп, 1984 жылы оған қазақ киносының қайраткері Шәкен Аймановтың есімі берілді.
Қуан Нұрақын