Сәтбаев қаласында жас кәсіпкерлерге қала әкімінің гранты табысталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сәтбаев қаласында жас кәсіпкерлерге қала әкімінің гранты табысталды

13.09.2024

Ұлытау облысына қарасты Сәтбаев қаласында «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасы аясында жас кәсіпкерлерге қала әкімінің гранты табысталды. Ғылым, мәдениет, ақпарат саласы бойынша жеңімпаздарға 2 жарым миллионнан 3 жарым миллион теңгеге дейін гранттар берілді. Кәсіп бастағысы келетін немесе өз бизнесін дамытуға ниетті жастарды қолдауға арналған байқау биыл қала күні қарсаңында ұйымдастырылды.

Жыл сайын дәстүрге айналған қала әкімінің грантына биыл 48 үміткер өтініш білдіріпті. Солардың арасынан арнайы комиссия үздік 10 жобаны іріктеді. Жеңімпаздардың арасында белсенді жастар да бар. 3 жарым миллион теңге грант иегері Айман Ақпанбетова Сәтбаев қаласынан балалардың ойын-сауық орталығын ашпақ ниетте.

Айман Ақпанбетова, жас кәсіпкер:

Балалар бұл жерде, яғни ең басты қаралатын шаруа. Балалар өзін орталықта қауіпсіз сезінеді. Яғни туған күндерін бөтен адамдардың ортасында емес, жабық мекемеде атап өтеді. Ең басты ерекшелігі - балалар бұл жерде батутта секіріп ойнамайді. Балалар біздің орталықта түрлі мамандық иесі болып көріп, соның қыр-сырын сезінеді.

Грант иегерлері алдағы бір жыл ішінде кәсібін бастап кетуі шарт. Жобаның негізгі талабы осы. Оған дейін жауапты мамандардың қадағалауында болады. Үздік жобалар сәтті жүзеге асса, 50-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.

Мұрат Бөрібаев, Сәтбаев қаласының әкімі:

Әрине тек қана қаламызға емес, өздері де қаржылық жағынан, экономикалық жағынан дамиды. Кіші кәсіпкерден орта, үлкен бизнес иелері болады деген ойдамыз. Сенімдеміз. Қазіргі жастарға үлкен қолдаулар білдіріп жатыр. Мемлекет басшысынан, Үкімет тарапынан.

Осы жылғы жобаның басты ерекшелігі – 14 жасқа толған жасөспірімдердің қатысуы және қаржыландыру көлемі 2 есеге артты. Ғылым, мәдениет, ақпараттық технология, бизнес және медиа салалары бойынша әр жеңімпазға 2 жарым миллионнан 3 жарым миллион теңгеге дейін берілді.

Жандос Бақытұлы


Хабарламаларға жазылу