Турист: Қазақтың бас киімінен көшпенділердің рухы сезіледі екен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Турист: Қазақтың бас киімінен көшпенділердің рухы сезіледі екен

13.09.2024

Көшпенділер ойындары аясында Астанада 5 этноауыл жұмыс істеді. Олар «Қазанат» ипподромы, «Қазақ елі» монументі, «Ататүрік» саябағы, «Бәйтерек» монументі және Орталық саябақ аумақтарында орналасқан.

Бұл көшпенділердің және қазақтың тарихы мен мәдениеті салтанат құрған жер. Этноауыл – ғасырларға саяхат жасайтын алаңға айналды. Атадан балаға мирас болып жеткен қолөнердің талай туындысына туристер таңданып жатыр. Ән әуелеп, күй күмбірлеп, бес күннен бері мерекенің қызуы басылған жоқ.

Нои Дензель, турист:

Мен мұндай бас киімді бірінші рет киіп тұрмын. Көшпенділердің рухы сезіледі екен. Бұдан басқа да қолөнер шеберлерінің туындыларын сатып алып жатырмыз. Өте керемет. Біз Калифорниядан арнайы келдік. Енді Қазақстанның басқа аймақтарын аралап көргім келеді.

Әлемнің әр түпкірінен туристер ағылды. Жүз мыңдаған мейманға қызмет көрсетіп, бағыт-бағдар сілтеу керек. Сол үшін екі мыңға жуық ерікті жұмылды. Олар тілмаш та болып, гидтің де қызметін атқарып жүр.

Ибраһим Уәли, волонтер:

V дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталғаннан бері осында қызмет атқарып жүрмін. Басқа елдерден келіп жатқан турист өте көп. Венгрия, Америка, Испания деген елдерден өте көп туристер. Соларға біздің мәдениетімізді, тамақты, спортты көрсетіп, атқарып жүрмін жұмыс істеп.

Этноауылдың әр жерінде ән айтылып, ұлттық өнердің түрлі бағыты қамтылып жатыр. Әр облыстан келген өнерпаздар көрерменге қазақтың мәдениетін паш етуде.

Қабдол-Мәжит Иманов, ҚР Мәдениет қайраткері:

Қолдан шыққан тауарларымды, домбырамның біразын саттым. Шетелдіктер келіп алды. Американдық, Италяндық кеп алды. Міне қалғаны 4-ақ домбыра қалды. 14 домбыра алып келгенмін.

Жұмахан Қасымханов, Қазақ күресінен жаттықтырушы:

Енді бұған келген спортсмендер де, көрермендер де ұйымдастыру жағы өте жоғары деңгейде болып жатыр. Халық та, көңіл күй де жақсы.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары барысында қазақстандықтар шетелдіктерге құрметпен қарап, өз елінің тарихы мен мәдениетін көрсетті. Қонақжайлық танытты. Сол себепті де болар, өз үйімізде жүргендейміз деп жатқан туристер көп. Олардың дені Қазақстанға қайтадан келуге ниетті.


Азамат Бейбітұлы


Хабарламаларға жазылу