Ұлытау жұрты көшпенділер ойындарының жүлдегерлеріне құрмет көрсетті. Жарысқа өңірден 4 спортшы қатысып, олардың екеуі олжалы болды. Ел намысын абыроймен қорғаған жеңімпаздарды темір жол вокзалынан жерлестері күтіп алды.
Дүйім жұрт көз тіккен додада спортшылар намысты қолдан бермеуге барынша тырысып бақты. Жерлесіміз жүлделі жолдан жаңылмады. Асылмұрат Бірімжанов таяқ тартудан қола медальге қол жеткізді.
Асылмұрат Бірімжанов, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының күміс жүлдегері:
Жанкүйерлердің қолдауы мен ыстық ықыласы өте керемет болды. Аллаға шүкір деймін. Жеңісімді қазақ еліне арнаймын. Бұл спортпен айналысып жатқаныма бір жарым жыл болды. Осындай уақыт ішінде жетістікке жеткеніме қуаншытымын.
Спорт саңлақтары мен жаттықтырушылардың табанды еңбегін аймақ басшысы да жоғары бағалады. Жүлдегерлер мен бапкерлерге құрмет грамотасымен қоса, қомақты қаржылай сыйақы табысталды.
Берік Әбдіғалиұлы, Ұлытау облысының әкімі:
Қазір жеке-жеке қолдау көрсетіп, болашақта ұлттық спортты дамытуды қолға алдық. Әрі қарай енді соған қаражатымызды бөлеміз. Енді адамның саны аз болғанымен, көптеген өңірімізде спорт жетістіктері бар.
Ұлытау облысында қазір көптеген спорт федерациялары жұмыс істейді. Соның арқасында өңірде төл спорттың тамырына қан жүгіріп, қайта түледі. Ал дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы қос жүлде – сол еңбектің нәтижесі. Әйгілі палуан Айдос Ғалымов түріктің ашыртмалы аба гюрешінен күміс медаль еншіледі. Алайда кіл мықтының арасынан оза шығу оңайға соқпады дейді спортшы.
Айдос Ғалымов, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының күміс жүлдегері:
Бірінші белдесуде Италиялық палуанды жықтым. Одан кейін Қырғызстан палуанын жеңдім. Үшінші айналымда жартылай финалда түрік палуанын жеңдім. Ақтық сайыста Молдовия елінің палуанынан ұтылдым. Бұйырғаны күміс болды.
Өңірде спорттың барлық түрімен айналысуға мүмкіндік мол. Көпшілік салауатты өмір салтын ұстанады. Атап айтқанда, аймақта олимпиадалық және ұлттық спортқа ерекше екпін берілген. Көп ұзамай Жезқазған қаласында екі спорт кешені халық игілігіне беріледі.
Жандос Бақытұлы