«Майқайыңалтын» кен байыту комбинатының экс директоры мен өндірістік учаскелерді басқару және инженерлік құрамдағы бес адам/ қамауға алынды. Дерекке қарағанда, соңғы бесеуін жұмыс орындарында тінту жүргізгеннен кейін полицияның ОМОН қызметі алып кеткен. Ал, жұмыстан босатылған бұрынғы бас директор Қуаныш Ботин, Екібастұздағы үйінде ұсталды. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Күдіктілердің алдағы уақытта үй қамағында немесе тар қапасқа жабылуын ертең сот қарамақ.
Естеріңізге сала кетейік, 4 құтқарушы отырған автобус шыңырауға үстіміздегі жылдың 4-ші қаңтарында құлаған. Келесі күні екі азаматтың денесі сыртқа шығарылды. Ал, марқұм болған тағы екі құтқарушының денесі алты айдан соң барып табылған еді. Өнеркәсіптік қауіпсіздік, тау-кен, геологиялық жұмыстар саласындағы сарапшылар және арнайы құрылған комиссия құтқарушылардың өлімі жұмыс берушінің кінәсінен деп тапқан болатын.
Болат Аманбаев