Жүннен тоқылған киімнің шала туған балаға көмегі көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жүннен тоқылған киімнің шала туған балаға көмегі көп

17.09.2024

Жыл сайын әлемде ай-күні толмай 13 млн бала шала туады. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі. Мамандардың айтуынша, мұндай сәбилерге қойдың жүнінен жасалған киім-кешек пен жөргектің пайдасы мол. Петропавлдық еріктілер шала туған шақалақтар мен олардың анасына қол ұшын беру мақсатында биялай-байпақ, күртешелер тоқып, перинаталдық орталықтың жансақтау бөлімінде жатқан сәбилерге сыйлап жүр.

Айнұр Алтаева 8 баланның анасы. Кенжесі туа бітті жүрек ақауымен дүниеге келген. Жансақтау бөлімінде жатқан сәбиіне барып, жүннен тоқылған күртеше кигізілген шала туған балаларды көргенде таңғалғанын айтады.

Айнұр Алтаева, волонтер:

Шашам келгенше қол ұшымды берсем деген оймен келдім. Бұлардың бәрі махаббатпен тоқылған. Кездесуге келе алмаған кезде үйде тоқып әкелеміз.

Қазір Айнұр «28 ілмек» клубының белсенді мүшесі. Қайырымдылық қоры 2012 жылы құрылған. Қазір 14 мемлекетте филиалы бар. Аталған клуб Петропавлда 6 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында еріктілер 400-ден астам балаға тоқыма киімдер мен ойыншықтар сыйлаған. Солардың бірі -  кішкентай Айзада. Шақалақ 31 аптада дүние есігін ашыпты.

Алтын Омарова, көпбалалы ана:

1,9 кг, 48 сантиметр болып қызым дүниеге келді. Қазір жағдайымыз жақсарып келе жатыр.

Дәрігерлердің айтуынша, шала туған балалар ұзақ уақыт ұйықтаған кезде дем ала алмай қалуы мүмкін. Ал жүннен тоқылған киімдер сәбидің денесін жыбырлатып, жүйке жүйесі арқылы бас миына импульс береді. Осылайша тыныс алу рефлексінің дамуына үлес қосады.

Гүлнәр Иманбаева, облыстық перинаталдық орталықтың неонатолог дәрігері:

Жүннен тоқыған жаялық күні жетпей туған балаларды салғанда анасының жатырында жатқандай болады. Бір жағынан жылы да болады, одан кейін сол жүннен әр түрлі ойыншықтар тоқып береді.

22 мен 37 апта аралығында дүние есігін ашқан сәбилер шала туған балалар санатына жатады. Қазақстанда жылына 3 мыңға жуық бала ай-күні толмай өмірге келеді.

Қазақ халқы ежелден-ақ табиғи жүн мен терінің пайдасы барын білген. Сондықтан ай-күні жетпей туған балаларды «Тымаққа салу» дәстүрі болған. Ал медицина дамыған бүгінгі заманда тымақтарды шыны кувездер алмастырды.


Эльмира Кәленова


Хабарламаларға жазылу