Мьянмада лай көшкіндері мен тасқыннан қаза тапқандар саны 220-ға жетті. Тағы 80 шақты тұрғын жоғалып кеткен. Мұны осы елдің әскери үкіметі хабарлады. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегінше, Шығыс Азиялық елде жүздеген мың гектар егістік алқабын су шайып кеткен.
Қазір Орталық және Шығыс Еуропадағы жағдай да қиын. Бұл аймақтарда да табиғи апат құрбандары көбейіп келеді.
Орталық Еуропада төпелеген жауын алапат тасқынға ұласып, Польша, Чехия, Румыния, Австрияда жалпы алғанда 17 адамның өмірін қиды. Жергілікті мэр 44 мың тұрғынды түгелдей көшуге шақырған. Ал орталық үкімет су басқан аудандарда төтенше жағдай жариялап, сан мың адамды эвакуациялауға бұйрық беріп, зардап шеккендерге көмекке 260 миллион доллар бөлінгенін хабарлады.
Дональд Туск, Польша Премьер-министрі:
Жағдай көп аудандарда шынында да ауыр. Оны баспасөз өкілдері өздеріңіз күні бойы хабарлап жатырсыздар. Әсіресе, Клодзко уезіндегі Клодзко жазығында ахуал өте қиын.
Ал бұл – Чехияның солтүстігіндегі Острава. Одра және Опава өзендері тасығанда шағын қаланы түгелдей су басқан. Жергілікті тұрғындар тікұшақпен құтқарылып жатыр. Ал Польшамен шекаралас екі облыста төтенше жағдай жарияланды.
Табиғи апаттан Чехияда 3 адам қаза тауып, талай елдімекен суға кетті. Жолдар мен үйлер құлап, жолдар зақымданып, сан мың адам көшірілді.
Ян Прихода, Есеника қаласының тұрғыны:
Су тартылғанда көреміз не қалғанын, не қалмағанын. 1997 жылғы тасқын бұлай болмап еді. Мынау адам шошитын апат екен.
Румыния мен Австрияда тасқын мен дауылдан 8 адам жан тәсілім етті. Румынияның оңтүстік-шығысындағы Галати аймағында 700-дей үйді су басты.
Ал Венада пойыздар тоқтап, бір автомагистраль жабылған.
Виктория Салчеанау, Румыния тұрғыны:
Бәрі қирады. Менде ештеңе қалмады.
Жақында солтүстік Италияда жауын құйды. Соның салдарынан Дунай өзені арнасынан асып, осы аптада Словакия мен Венгрияны тасқын жайлайды деген қауіп бар.
Арыстан Рысбек