Шымкенттік Дана Бектаева 1000-нан астам кілем үлгісін жинап, жертөлесін мұражайға айналдырған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкенттік Дана Бектаева 1000-нан астам кілем үлгісін жинап, жертөлесін мұражайға айналдырған

18.09.2024

Шымкентте кіреберісінен бастап кілем ілініп, безендірілген қазақы аула көптің қызығушылығы мен таңдасын тудырып келеді. Осы іске құмартатын Дана Бектаева жылдар бойы 1000-нан астам кілем үлгісін жинап, жертөлесін мұражайға айналдырған.

Түрлі-түсті оюлы кілемдермен әспеттелген ауланың әсемдігі көздің жауын алады. Маңайдан өтіп бара жатқан жұрттың көбі тамсана қарап, суретке түсіп жатады.

Ғани Қалмаханов, тілші:

Тұрғындар есік алдын қазақы аула деп атайды. Мұнда кілемнің 40-тан астам түрі бейнеленген. Оның ішінде елімізді әрбір өңіріне тән және ежелгі ру тайпалардың стильдері жинақталған. Оның әрбірін салуға суретшілер бір айдан астам уақыт жұмсапты.

Ал нағыз кілемдердің өзі жертөледегі мұражайға ілінген. Дана мұны 10 жыл бойына жинаған. Алғашқыда қолөнер бұйымдарын пайдаланып кәсіп ашқысы келіпті. Кейіннен ою сырлары мен өрнек иірімдері оны қызығушылығын өзге арнаға бұрып жіберді. Қазір ұлттық өнерді дәріптеуді мақсат тұтқан.

Дана Бектаева, коллекционер-зерттеуші:

Абылай хан кілемі деп аталады. Өйткені кілемнің бетінде шаянның белгісі бар. Шаян биліктің символы. Соның мағынасын береді. Өте сирек кездесетін кілемдердің бірі.

Көпқабатты үйдің тұрғындары әркез ауласымен мақтанады. Шамасы келгені Данаға қаржылай да, қол күшімен де жәрдемдесіп жүр.

Несібелі Есмағанбетова, аула тұрғыны:

Әр оюды көргенде ләззат аламын. Ауылда өскен адаммын ғой. Апалар алаша тоқитын. Солар есіме түседі.

Аядай ғана екі бөлмелі жертөледе кілемдердің тек оннан біріне ғана орын табылған. Одан бөлек мұнда ертеректе жасалған асадал, кебеже, бесік пен ағаш ыдыстар, музыкалық аспаптар да бар. Олардың ішінде 19-ғасырға тиесілері де кездеседі. Мұның көпшілігін коллекционер іздеп жүріп ақшаға сатып алған.

Дана Бектаева, коллекционер-зерттеуші:

Қазір менде бір мыңнан астам кілем мен мың жарымдай жәдігер бар. Оның бәрін жуып, тазалап, сақтап қойдық.

Дананың ендігі арманы Шымкенттен арнайы кілем мұражайын ашу. Топтамасындағы құнды мұраларды сол жерде көпшілік назарына ұсынбақ. Оған әзірге өзінің шамасы жетпейтіндіктен, биліктен көмек сұрауға мәжбүр.


Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу