Депутаттар әскердегі тәртіп мәселесін көтерді
Әскери бөлімдерде орнатылған 50 мыңнан астам бейнекамерадағы жазба қайда? Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев армияда жарақат алып, қаза тапқан сарбаздардың мәселесін көтерді. Осылайша, Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа депутаттық сауал жолдады. Оның дерегінше, соңғы үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болған. Ал «5 айдан бері ес-түзсіз жатқан Ербаян Мұхтардың жағдайы қалай», - дейді депутат. Сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты екенін Президент айтқан еді.
Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Күштік құрылымдар айтып отырғандай, олардың сөзіне сүйенсек, Ербаянды алып кетіп ота жасаған, емдеген дәрігерлерді айыптау боп отыр. Ендеше, Ербаянға ота жасаған орталықты тауып, демек тергеушілер оларды да жауапқа тарту керек.
Мәжіліс депутаттары әскери қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы төмен екеніне де назар аударды. Соңғы рет олардың жалақысы 2008 жылы ғана көтерілген.
Ермұрат Бәпи, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Осы келер жылдың бюджетінде Қорғаныс министрлігі бұрынғы қаржыландыру деңгейін сақтау жөнінде мына жерде алысып жатырмыз. Ішкі жалпы өнімнің 1 пайызына жеткізейік. Бүкіл Еуропа елдері өздерінің қарулы күштеріне бөлінетін қаражатты 2-3 пайызға жеткізіп жатқан кезде біз сол жарты пайызбен отырамыз ба?
Айя Мүтәлі