Алматы облысындағы мектеп құрылысы тоқтап тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысындағы мектеп құрылысы тоқтап тұр

18.09.2024

Алматы облысындағы екі мыңға жуық оқушысы бар мектептің жөндеу жұмыстары басталмай тұр. Іле ауданы Ащыбұлақ ауылындағы №20 мектеп көктемде апаттық деп танылып, жабылған болатын. Балалар соңғы тоқсанды қашықтан оқып, аяқтаған. Қазір оқушыларды ауылдағы үш мектепке бөліп тастаған.

Бастауыш сынып оқушылары Ащыбұлақтағы №53 білім ордасында үш ауысымда оқып жүр. Балалар сағат түскі 12.00-ден бастап мектептің алдына жиналады. Қатынап оқитын 650 балаға небәрі 4 көлік бөлінген. Оның да ішкі жағдайы мәз емес. Облыстық білім басқармасы 3 мектепке тасымалдау үшін басқа көлік қарастырылмайды деп отыр.

Гүлжайна Жұбатқанова, ауыл тұрғыны:

Қыркүйек басталғалы екі-ақ автобус көрдік, алдында тіпті кішкентай ғана болған. Күн суық, жарты сағат тұрады. Аяз, боран соққан кезде не істейміз?

Тұрсын Әлімбаланов, ауыл тұрғыны:

Мына автобуспен барады, тығылысып, адам сыймайды. Бәрін жасаймыз, қыркүйекке дайындап қоямыз деген. Ешқандай дайындық жоқ.

Айдана Қуантхан, тілші:

Мектептің қазіргі жағдайы осы. Қабырғалары қиратылып, едені қопарылып, есік-терезесі алынған. Бірінші қабаты қазылған күйі тұр. Жөндеу жұмыстарының қашан басталары белгісіз.

Қазір ғимаратты құрылысшылар емес, ата-аналар торуылдап жүр. Оларға мектеп әкімшілігі қалпына келтіру жұмыстары күзде аяқталады деп уәде берген.

Мэлс Бекжанов, ауыл тұрғыны:

Көріп тұрсыңдар ғой енді, бір адам жоқ жұмыс істеп жатқан. Ал балаларымыз сандалып жүр, тасымалдау жоқ.

Ажар Апбозова, ауыл тұрғыны:

Бірде-бір құрылысшы жоқ. Жалпы мектепте ешкім жоқ. Құстар кіріп-шығып жүр.

Ал облыстық білім басқармасы мектепті аудандық әкімдіктің балансына өткізу жұмыстары жақында аяқталғанын айтты. Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстарына жүргізетін құрылыс компаниясы да белгісіз.

Әлішер Сырым, облыстық білім басқармасы орта білімді дамыту бөлімінің басшысы:

Осы айдың соңына таман құрылыс жұмыстары жүргізіледі деп жоспарлануда. Келісімшарт бойынша 4 айға созылады, бірақ құрылыс компанияларының жұмысына қарай, 3-тоқсанға қарай аяқтайды деген жоспарда бар.

Салынғанына небәрі 11 жыл болған ғимараттың әу баста сапасы сын көтермепті. Екінші қабатының төбесі түсіп, қырық жамау болып, 9 жыл тұрған. Бұл жолы үстіңгі бөлікке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмейді. Тек бірінші қабат жаңартылады дейді облыстық білім басқармасы. Балаларын тасып оқытудан шаршаған ата-аналар мектеп құрылысының сапасын қатаң бақылауын сұрайды.


Айдана Қуантхан


Хабарламаларға жазылу